Енді Путиннің көмекшісі қазақ жеріне шүйлікті

1632

Ресейдің «Коммерсант» дейтін газеті «Майданға кіл тарихшылар аттанып барады» (В бой идут одни историки) атты мақала жариялады. Онда Ресейдің Федерация кеңесіне мүше депутаттардың алқа-қотан мәжілісі мен пікір-талас, сөзжарысы жайлы егжей-тегжейлі жазылыпты.

Бәрін тәптіштеп жазып жатпаймын. Қысқа-нұсқасы былай: Кеңестегі депутаттар (Ресейдің ірілі-ұсақты шенділері) «Батыспен болатын ақыл-ой соғысында Ресейдің тарихы басты қару болуы керек», дейді.

Осы тақырыпты, яғни «әскерсіз (қарусыз) майдан», «тарих үшін талас» һәм «жады соғысы» тақырыбын 2 сағаттан аса талқылаған Ресей Думасының біршоғыр депутаттары мен түрлі лауазымдағы министрлері ақыр-аяғында «Бұл майданда экзистенциалды код қорғаушылары (Ресей тарихшылары) жеңіп шығу үшін Ресейде идеология да, цензура мен ақша да жеткілікті», — деп түйіндепті.

Сөз бастаған Ресейлік сенатор Алексей Пушков:«Батыс Ресейді делимитациялауды жалғастырып қана қойған жоқ, ол және қату кірісіп отыр. Бұның аяғы немен бітері белгісіз. Ол осында отырғандардың ақыл күшіне байланысты. Ал Ресейді әлемдік аренада қорғау үшін әуелі тарихи шындықты қасақана бұрмалаушыларға қарсы заң шеңберінде әрекет етуіміз керек», — депті.

Ал Ресей президентінің көмекшісі, Ресейдің бұрынғы Мәдениет министрі Владимир Мединский«Тарих факультетінің студенттері әртүрлі радиостанциялардан бұрыс ақпарат алмауы керек. Өйткені, бұлай жалғаса берсе, ақыр-соңында Ресейліктердің өздері Курильді, Калининград пен Карелияны, Выборгті кері қайтарып берейік деп тұратын болады. Батыс құндылықтарын дәріптеудің соңы осыған алып келеді. Әйтпесе, қалайша Ұлы Ресейдің кейбір территориялары Украина, Беларусь пен Қазақстанға өтіп кетті?», — деп кейіпті.

Сол жиынға қатысып отырған РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова болса, бүгінде өз алдына Тәуелсіз мемлекеттердің, онда да Ресеймен одақтас, әріптес һәм серіктес болып отырған мемлекеттердің территориялық тұтастығына шүйліккен Мединскийге «мәу» демепті.

Міне, орыстардың өздері жазып жатыр: «Здесь экс-министр культуры явно зашел на территорию коллег из Министерства иностранных дел. Но представитель МИДа Мария Захарова не стала его поправлять — не до того было», — дейді.

Әрі қарай тағы бірнеше лауазымды тұлға сөз сөйлеген. Жиынның жалпы мазмұнын жоғарыда айттық.

Сөйтіп, Ресейдің ақ жағалы шенділері өз ішінде сөзталас қылып, Ресейдің өткен-кеткен тарихын түгендеуге шешіле кіріскен екен. Былай қарасаңыз, сөз етері жоқ-ақ. Алайда, Ресейдің білдей бір лауазымды шендісі, онда да Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский дейтін адамның: «Ұлы Ресейдің кейбір территориялары Украина, Беларусь пен Қазақстанға өтіп кетті?», — деп дабыл қағуы жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес! Қауіпті сигнал!

Осыған дейін Кремль төңірегіндегі ірілі-ұқсақты шенеуніктердің бір емес, бірнешеуі Қазақстан территориясына, Қазақ жеріне шүйліккен. Әрідегі Жириновский, Лимоновтарды айтпағанда, былтыр Ресей президенті Владимир Путин басқаратын «Единая Россия» партиясының РФ Мемлекеттік Думасындағы қос бірдей депутаты Вячеслав Никонов пен Евгений Федеровтар«Қазақстанның территориясы – Ресейдің сыйлығы», «Қазақстан сыйға берілген жерлерді қайтаруы тиіс», — деп дау шақырған.

Бұл жолы да орыс билігінің тағы бір шенеугіні қазақ жеріне шүйлікті. Бұл жолы Владимир Мединский дейтін адам. Ол да жаңағы Владимир Путин басқаратын «Единая Россия» партиясының өкілі. 

Әуелі мынау Владимир Мединский деген кім? Қараңыз:

Жасы 50-де. Ресей президентінің көмекшісі. Думада депутат болған. Ресейдің Мәдениет министрлігін басқарған. Тарих ғылымының докторы, профессор деген атақтары тағы бар. 20-ға жуық кітап жазған. Ресейдің «Әскери-тарихи қауымдастығын» басқарады.

Министр кезінде Лениннің сүйегін жерлеуді ұсынғандар тобында болған. Осы Мединскийдің кезінде «28 Панфиловшылар» дейтін фильм түсіріліп, Ресей ішінде дау болған. Ресейдің өз ішінде ғана емес, бұл фильм туралы талас бізде де аз болған жоқ. Қазақстан бұл фильмге қаржы бөлген.

Айтпақшы, бұл Мединский 2017 жылы Қазақстанның екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған екен. Оны сол кездегі Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова тапсырған.

Былтыр:

Ресей депутаттары Қазақстан территориясына шүйліккенде, олардың сөздері қазақ қоғамында қызу талқы болды. Әлеуметтік желідегі қоғам белсенділері Ақорда тарапынан, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тарапынан реакция болуы керектігін айтып, талап қылды.

Реакция болды. ҚР Сыртқы істер министрлігі: «Ресей депуттаттарының сөзі қысыр сиырдың қыңырлығы», — деп мәлімдеді. Кейін, Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің лауазымды адамдарын министрлікке шақырып, наразылық нотасын тапсырған. Арада аз-кем уақыт өткен соң, президент Тоқаев та «Қазаққа ешкім жер сыйлаған жоқ», деді.

Түйін. Бұл жолы «Қазақстан жері Ресейдікі» дегенді басқа-басқа емес, Путиннің көмекшісі айтты. Ендеше, ендігі кезекте мәселеге Сыртқы істер министрлігі емес, тікелей Президент араласуы керек!

Қазақстан мен Ресей ТМД-ға, Еуразиялық одаққа, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше. Бір-біріне үнемі «дос, серіктес елміз» деп айтады. Алайда, соңғы жылдары «одақтастың» ойы бұзылған секілді. Халықаралық сарапшылардың, «Ресей Украина мен Беларусьтен кейін Қазақстанға ауыз салады» деген мәлімдемелері осыған дейін БАҚ-та жарияланған. Ал Кремль рұқсатымен ғана сөйлей алатын орыс саясатшыларының аузынан территориялық дау іздеген мәлімдемелер жиіледі.

Abai.kz