«Айыптауларын нақты фактілермен дәлелдесін»: Байбек Мамайдың үстінінен сотқа шағым түсірді

1460

Бауыржан Байбек оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың үстінінен ар-намысын, абыройы және іскерлік беделін қорғау туралы сотқа шағым түсірді. Бұл туралы заңгер Айжан Тәшенова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Бүгін Азамат Байбек Бауыржан Қайырғалиұлы мүддесін қорғайтын заңгер ретінде Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотына азамат Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбаеваға азаматтық тәртіппен ар-намысты, абырой мен іскерлік беделді қорғау туралы талап арыз бердім», — деп жазды Айжан Тәшенова Facebook парақшасында.

Заңгердің сөзінше, талап арызды беруге Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваның биылғы 13 сәуірде «Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан» youtube-арнасында және әлеуметтік желілерде орналастырған бірқатар бейнематериалдары негіз болып отыр. 

Онда жауапкерлер Б.Байбекті сыбайлас жемқорлық жасады және қызмет бабын асыра пайдаланды деп жария түрде және дәлелсіз айыптайды. Олар өз сөздеріне «журналистік зерттеуді» негіз етеді.

«Аталған материалдарға жасалған талдау бейнероликтерде жалғыз ақпарат көзі –­ анонимдік «Uzyn Qulaq» телеграм-арнасының ақпаратын ғана негізге алған. Бұл арна – өсек-аяңды, долбарды, тексерілмеген және шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратумен айналысатыны мәлім. Талапкер (Б. Байбек) атына қарата айтылған айыптаулардың бұдан бөлек шынайы дәлелдемелік базасы мен расталған дерегі Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның бейнематериалдарында да, тіркелмеген ҚДП сайтында да ұсынылмаған. Сондықтан азаматтық заңнама аясында біз бейнематериалдар авторлары айыптауларының негізсіздігі мен мағынасыздығын дәлелдеуге ниеттеніп отырмыз», — деді ол.

Айжан Тәшенова жариялылықты ұстанып, қоғамды сот процесінің барысы туралы жедел әрі объективті түрде хабардар ететінін атап өтті.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Бауыржан Байбектің басты мақсаты – Ж.Мамай мен И. Иманбаева таратқан мәліметтердің ақиқатын, өтірігін анықтауды, сондай-ақ өзінің жақсы атын қалпына келтіруді басшылыққа ала отырып, келтірілген моральдық залал үшін материалдық өтемақы талап етуден бас тартқанын ерекше атап өтті.

Азаматтық заңнаманың ерекшелігі — жауапкерлер ашық сот процесінде айыптауларына дәйек болатын дәлелдемелер мен құжаттарды ұсынуы тиіс.

«Яғни, олар мұны нақты фактілермен дәлелдеуі керек», — деп түсіндірді адвокат.

«Сонымен қатар Бауыржан Байбек жауапкерлердің өтірік айыптауларын теріске шығаратын барлық қажетті құжаттар мен фактілерді сотқа ұсыну бойынша өз құқығын пайдаланады. Бұл – әкімдіктің 20-дан астам қаулысы, сондай-ақ басқа да құжаттармен расталған мәліметтер», — деді заңгер.

Айжан Тәшенованың сөзінше, талап арызға тәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптама қоса берілді. Ол Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның айтқан сөздері – Б.Байбектің қызметі туралы жария түрде айтылған жағымсыз ақпарат екендігін, олар шындыққа жанаспаған жағдайда, талапкердің ар-намысына, абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін айыптаулар қатарына жататынын растайды.

Айта кетерлік жайт, егер сот Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты талапты қанағаттандырса, аталған азаматтар Б.Байбектің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін материалдарды жоюы, сондай-ақ тиісті әлеуметтік желілерде және YouTube-арнада барлық негізсіз, шындыққа жанаспайтын айыптауларын жоққа шығаруы тиіс.

Айжан Тәшенова Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваны сот процесіне саяси сипат бермеуге, оны ашық сындарлы жағдайда өткізуге жәрдемдесуге және заңға сәйкес тағылған айыптардың дәлелдемелерін ұсынуға шақырды.

Еске салайық, белсенді Жанболат Мамай Байбек Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезде «Қазақфильм» киностудиясындағы, Атакенттегі, Көкжайлаудағы, Esentai city тұрғын үй кешені орналасқан аумақтағы жер телімдерін жекеменшігіне алғанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар, оған автобустар сатып алуда пара алды, көмір мафиясын «қанатының астына алып», Алматыдағы ТЭЦ-2-ні газға көшіруге тосқауыл қойды деген айып тақты.

Кейін Алматының экс-әкімі белсендінің әрбір айыптауына дәлелмен жауап берді.