ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ

839

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Жолдауында жұмыссыздықты ауыздықтау үшін қарапайым тұрғындарға арнаулы мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа тұруға көмектесу, төмен пайызбен несие беріп, жеке кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік ашуды ұсынған болатын.

Президенттің бұл ұсынысында жастар да қамтылған. Өйткені, жұмыссыздардың арасында жастар жағы жеткілікті. Олардың көпшілігі белгілі бір мамандықты, кәсіпті меңгергенімен қазіргідей нарықтық қатынастар заманында көп кәсіпорындар кәсібін терең меңгерген, тәжірибесі мол мамандар мен жұмысшыларды жұмысқа алуды көздейтіндіктен еңбек өтілік жоқ, не мүлде мардымсыз жастар жағының жұмысқа тұру мүмкіндігі аз болып тұр. Екінші мәселе, ол жастардың жұмыспен қамту бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды біле бермеуі, кейбірлерінің ынтасының төмендігінен жұмысқа тұруға ұмтылысының кем болуы.

Сондықтан да, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жұмыссыз жастарға бос жұмыс орындары туралы ақпараттық жәрмеңке өтті. Көшпелі жәрмеңкеге Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту» КММ-сі, «Атамекен» ҰКП, ірі кәсіпорындар, «Отбасы банк» АҚ, бизнеске арналған Үкімет фронт-офисі «Shymkent invest» қатысты. Іс-шара Еңбекші ауданы, Тоғыс тұрғын алабында өткізілді. Жәрмеңкенің мақсаты – шалғай аудандарда отбасылық құндылықтарды насихаттау, өзекті мәселелердің алдын алу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру және жұмыссыз жастарға қолдау көрсету. Сондай-ақ қаламыздағы ірі кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарына жұмыссыз жастарды тарту. Мемлекеттік бағдарламаларды халық арасында кеңінен насихаттау болып табылады. Жәрмеңке барлық санитарлық — эпидемиологиялық талаптарды сақтай өткізілді.

Ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жастар жалқаулық пен енжарлықтан арылып, білімге, заман талабына сай қажетті де сұранысқа ие кәсіптерді меңгеруге ұмтылуы керек» дегеніндей мына жаңа жағдайда жастар серпіліп жаңаша өмір сүруге, қай жағынан болсын бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Сонда ғана олар өздеріне лайықты жұмысты тауып, жайлы өмірге негіз қалайтын болады. Ең бастысы, бірден жалақысы жоғары, жеңіл де таза жұмыстардан басқа жұмыстарға мұрындарын шүйірмей, жастарымыз табылған жұмысқа тұрып, еңбек өтілін ең төменнен бастауға арланбауы қажет. Сонда ғана олар жұмыссыз жүрмей еңбек етіп тәжірибе жинақтап біртіндеп білікті мамандарға айналады. Жәрмеңкеде жастарға осы мәселелер түсіндірілді.