Түркістан облысында полиция бөлімінің атышулы бастығы қамалды

1458

Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы Данияр Мейірхан қамауға алынды.

Ауданның бас полицейінің үстінен «Өзінше билік ету» бабы бойынша іс қозғалып отыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Данияр Мейірханды Шымкент қалалық Полиция департаментіне қарасты Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ұстаған.

«Қазіргі таңда күдікті қалалық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 389-бабымен (Өзінше билік ету) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», — деді қалалық Полиция департаментіндегілер.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сенсек, полиция подполковнигі Шымкенттегі автосалоннан Kia Corenta көлігін заңсыз иемдену фактісі бойынша күдікті боп отыр екен.

Айта кетейік, қамауға алынған полицей полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаевтың ұлы.

Данияр Мейірхан бұған дейін Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған. Жергілікті мектеп мұғалімімен болған жанжалдан кейін ол қызметінен кетіп, 2020 жылдан бері Түлкібастың бас полицейі қызметін атқарып келеді.