Президент халықтың қаржылық сауатын арттыруды тапсырды

304

Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттік қызметінің негізгі қорытындылары туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған міндеттері таныстырылды.

Мемлекет басшысына 300 қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқталғаны жөнінде баяндалды. Зардап шеккен азаматтарға 20 миллиард теңгеге жуық өтемақы қайтарылды. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың 2,2 миллиард теңге болатын криптовалюта түріндегі қылмыстық табыстары бұғатталды. Ұйымдасқан 6 қылмыстық топ жойылған. Олардың бірі – трансұлттық топ. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда 23 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді.

Президентке ағаш пен темірдің заңсыз экспорттарының жолы кесілгені туралы баяндалды. Сондай-ақ жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаудың ірі схемасы жойылғаны жайында айтылды. Бұл ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Жанат Элиманов азаматтарды қаржы алаяқтарынан қорғау, қарыз жүктемесін азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Заңсыз жұмыс істеген шағын қаржы ұйымдарының желісі анықталды. Олардан 327 мың азамат зардап шеккен. Келтірілген залал мөлшері 30 миллиард теңгені құрайды. 24 қаржы пирамидасы жойылды. Алдын алу мақсатында алаяқтық схемаларды таратқан 5,6 мың сайт бұғатталып, 22 мыңнан астам мүшесі бар 30 топтық чат пен аккаунт жабылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жастарды қылмыстық схемаларға тартудың алдын алу үшін жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар жөнінде ақпарат берілді. Атап айтқанда, 2,8 мың оқу орнындағы 567 мың оқушыға қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақтар өткізілген. Мұндай жұмыстар 100 жоғары оқу орнында жүргізіліп, 100 мыңнан астам студентті қамтыған.

Бұдан бөлек, Жанат Элиманов Парламент Мәжілісінің қарауына кірістерді жылыстатуға қарсы күрес мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізілгенін хабарлады. Олар қабылданса, Қазақстан FATF стандарттарына техникалық тұрғыдан толық сай келеді.

Мемлекет басшысы экономикалық құқық бұзушылықтың алдын алуды, көлеңкелі айналымның үлесін азайтуды, заңсыз иеленген активтерді жылыстатуға қарсы күресті жалғастыруды, сондай-ақ халықтың қаржылық сауатын арттыруды тапсырды.

Айта кетелік Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль мемлекеті Кнессетінің төрағасы Амир Охананы қабылдаған еді.