ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫ: МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

139

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мектептердің құрылыс сапасын тексеру мақсатында бірнеше білім ордасына жұмыс сапарын өткізді. Бұл іс-шара партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан мектеп құрылыстарының сапасын бақылау және жеделдету үшін ұйымдастырылды.

Жұмысшы топтың құрамында қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Жақсықұлов, сондай-ақ партия мүшелері мен бақылаушы мамандар болды. Олардың алғашқы тексеру нысаны — Шымкент қаласының №26 Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебі болды. 90 жылдан астам тарихы бар бұл білім ордасында биыл наурыз айында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, жөндеу жұмыстарының жоспары бойынша жаңа оқу жылына дейін толығымен аяқталуы керек.

Жұмысшы топ одан кейін №75 мектепке барды. Бұл мектепте де наурыз айында күрделі жөндеу жұмыстары басталған, екі қабатты ғимараттың жұмыстары да жаңа оқу жылына дейін аяқталып, оқушыларды қабылдауға дайын болуы жоспарланған. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ, жұмысшы топ «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының» құрылыс барысын тексерді. Бұл мектептің жөндеу жұмыстары да жаңа оқу жылына дейін толық аяқталуы тиіс. Мердігер компания өкілдері жұмыс барысының жоспарға сай жүріп жатқанын айтты, бірақ партия өкілдері мердігерлерге құрылыс жұмыстарының сапасы мен уақытылы аяқталуын ерекше бақылауда ұстайтынын ескертті.

Ербол Байқонысов жұмыс сапары кезінде мектеп басшылығына және мердігерлерге партияның бұл нысандарды бақылап отырғанын ескертті. Ол құрылыстың мерзімінде аяқталуы ғана емес, сапасы да басты назарда болатынын жеткізіп, мердігерлерге тиісті тапсырмалар берді. Партия бақылау комиссиясы өз тарапынан осы құрылыстардың сапасына ерекше көңіл бөлуді, құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзіміне сәйкес орындауды талап етеді.