Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне көңіл бөлу, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараларды талқылау болды.
ҚХА-ның 30 жылдығына орай көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Бұл бағытта Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева сөз сөйлеп, қайырымдылықтың қоғамдағы рөлі мен маңызын атап өтті. Ол акцияның оқу маусымы қарсаңында балаларды мектепке дайындауға үлкен көмек болатынын жеткізді.
Сондай-ақ, Халықаралық «Отбасы күні» мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру жайы талқыланды. Жиын қатысушылары отбасының қоғамдағы рөлі ерекше екенін, оның әр азаматтың тұлғалық қалыптасуындағы негізі екенін атап өтті. Бұл мереке арқылы отбасы институтының маңызын арттырып, ұлттық тәрбие мен дәстүрді ұлықтау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, отырыста бұған дейін сәтті жүзеге асқан «Салауатты сана» жобасын қайта жандандыру бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Жоба аясында жастармен кездесу шараларын жоғарғы және орта оқу орындарында, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде тұрақты әрі жүйелі түрде өткізу жоспарланды. Бұл мәселе бойынша «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Ұлжан Айтубаева баяндама жасап, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейту қажеттігін атап өтті.
Отырыста сонымен қатар ҚХА-ның XXXIV сессиясы аясында Аналар кеңесінің бастамасымен жүзеге асырылатын жаңа бастамалар мен жобалар қаралды. Атап айтқанда, «Азамат тәрбиелеген отбасы», «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге» сияқты номинациялар мен «Ел анасы» құрметті атағы, «Аялы алақан» алқасы номинацияларының тұжырымдамалары таныстырылып, талқыланды. Бұл бастамалар – қоғамдағы үлгілі аналар мен отбасыларды танып, марапаттауға бағытталған маңызды қадам.
Отырыс соңында қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, тәжірибе алмасып, болашақта жүзеге асырылатын іс-шаралар жөнінде ұсыныстар мен пікірлерін білдірді. Аналар кеңесінің рөлі – тек тәрбиелік бағытта ғана емес, қоғамдағы тұрақтылық пен рухани үндестікті сақтауда да маңызды екені баса айтылды.