1. Түркістан құрылысына тартылған 108 компания:
2. Осы 108 компания жүргізіп жатқан құрылыстарда сапа мен ашықтық қай деңгейде?
Түркістан құрылысы — ұлттық жоба, бірақ, ашықтық жоқ.
Түркістан қаласын дамыту — ел тарихындағы ең ірі өңірлік жобалардың бірі. Қала “Рухани астана” мәртебесін алғаннан кейін, миллиардтаған теңгенің құрылыс және инфрақұрылымдық жобалары басталды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері де дәл осы кезеңде ерекше бақылауға алынуы тиіс еді.
Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 маусымдағы №362 қаулысына сәйкес бекітілген тізімге қарасақ, Түркістан қаласының инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыратын 108 кәсіпкердің аты ғана көрсетілген. Онда мемлекеттік сатып алудың рәсімдері көрсетілмеген.
Бұдан үлкен сұрақ туады:
— Неліктен дәл осы компаниялар таңдалған?
— Неге өзге аймақтардағы немесе жаңа кәсіпкерлер бұл тізімге кірмеген?
— Ашық конкурс қайда қалды?
Осы маңызды жобада аты бірнеше мәрте қайталанған компаниялар бар.
Құжаттарды сараласақ, кейбір компаниялардың аты бірнеше рет қайталанады:
— “Стройконсалтинг LTD” ЖШС,
— “Bazis Construction” ЖШС,
— “Туран құрылыс-1” ЖШС,
— “Техничский Надзор” ЖШС
сияқты кәсіпорындар ондаған жобаға қатысып, түрлі нысандарды салу мен инженерлік қызмет көрсету құқығына ие болған.
Бұл бір жағынан тәжірибелі компаниялардың сұранысқа ие екенін көрсеткенімен, екінші жағынан, бәсекелестіктің шектелгенін, ал, мемлекеттік сатып алуда “лоббилеу” ықтималдығы артып тұрғанын көрсетеді.
Заң не дейді?
“Мемлекеттік сатып алу туралы” заңның 39-бабы мен “Масс медиа туралы” заңның 15-бабының рухына сай, мемлекеттік келісім-шарттар барлық кәсіпкер үшін тең және ашық болуы тиіс.
Бірақ, Түркістан қаласы бойынша қабылданған қаулыда қосымша тізім арқылы тек белгілі бір кәсіпкерлерге басымдық берілген. Бұл ашық бәсекенің шегін тарылтатын және жергілікті кәсіпкерлердің нарыққа ену мүмкіндігін шектейтін қадам еді. Өкінішке қарай, 2019 жылдан бері 6 жылдан астам уақыт өтсе де осы тізімге өзгеріс енбеген. Сонда тізімдегі компаниялар жұмыс істеу керек те, басқа компаниялар өмір бойы өз алдына дербес жұмыс істей алмайтын қосалқы мердігер дәрежесінен көтерілмеуі керек пе?
Бұл жағдай “құжат жүзінде лоббилеу” емес пе? Яғни, формалды түрде заңды сияқты, бірақ, шын мәнінде, белгілі топтардың мүддесіне қызмет ететін шешімдер қабылданады деген сөз емес пе?
Кәсіпкерлер алалануда. Бірқатар жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, Түркістандағы құрылыс жобаларына қатысу үшін тиісті тізімге ену — мүмкін емес деуге болатындай дәрежеде. Себебі, 2019 жылы бекітілген тізім содан бері жаңартылмаған.
Ал, ашық конкурс немесе қайта қарау рәсімдері жоққа тән болғандықтан жаңа бизнес өкілдері, шағын және орта құрылыс компаниялары үлкен жобаларға қатыса алмайды, яғни, шет қақпай көріп отыр.
Сонда еліміздегі шағын кәсіпкерлікті қолдау және тең мүмкіндік ұстанымдары қайда қалды???
Мемлекеттік жобалар— мысалы, Түркістанның инфрақұрылымы мен тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражат — бұл салық төлеушілердің ақшасы. Сондықтан, әрбір келісімшарт пен мердігер таңдауы халық алдында ашық болуы тиіс.
Қоғамның тек істің нәтижесін ғана емес, таңдау, тең құқылық, әділетті бәсекенің де нәтижесін көруге құқы бар. Өкінішке қарай, ашықтық пен әділдік болмаған соң ұлттық жобаларға қазір халық сенбестікпен қарайды.
108 компанияның таңдаулы тізімі — жай ғана статистика емес, ол мемлекеттік басқарудағы сенім мен ашықтықтың индикаторы. Егер, үкімет шын мәнінде “бәріне тең мүмкіндік” ұстанымын ұстанса, мұндай тізім болмас еді. Болған күнде де жабық форматта емес, тұрақты жаңарып отыратын ашық базаға айналуы керек болатын!
Ашық база түгілі құрылыс саласы жеке дара билеу алаңына айналған.
Мысалы, сол «қасиетті, мызғымайтын» тізімде облыстық мәслихаттың қазіргі төрағасы Нұралы Әбіштің «Комби-Строй» ЖШС сияқты құрылыс компаниялары да болды.
Тоқтаусыз жеңімпаз атану Нұралы Әбішті жігерлендіріп, 2023 жылы «Жаңа КZ Құрылыс» ЖШС-н ашып, шектеусіз жеңімпаз статусына ие болуда.
Алдағы талдауларда бұл тақырып туралы кеңінен жазатын боламыз.
Түркістан — елдің рухани орталығы. Ондағы құрылыс әділдік пен ашықтықтың үлгісі болуы тиіс. Әйтпесе, “қасиетті қала” ұғымы құр ұранға айналып кетеді.
Келесі мақалада «таңдаулылардың» кімдер екеніне ашық тоқталып, құрылыс жұмыстарының сапасына талдау жасалатын болады.
Есенгүл Көшербаева, жазушы-журналист.













