ТҮРКІСТАН: СУ ТОҒАНДАРЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

1611
Мұндай тапсырма бүгін Түркістанда аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде берілді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі — «Гидротехникалық нысандарды (қорғаушы бөгет) тасқын судан сақтау, жинақтау және бөлу туралы» сөз алған ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов қар суы мен тасқын суларды жинау үшін су қоймаларын салу және реконструкциялау бойынша 26 шағын су қоймасының құрылысын жүргізу арқылы ауыл шаруашылығы айналымына жаңа 25,5 мың гектар жер енгізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Оның ішінде, Кентау қаласындағы Шошқакөл тоғанын, Сарыағаш ауданындағы Дарбазасай су қоймасын салуға ҚР АШМ Су ресурстары комитетіне инвестициялық ұсыныс берілді. Шошқакөл тоғаны бойынша ҚР ҰЭМ оң шешімі алынды. Су ресурстары комитеті тарапынан құжаттарын әзірлеуге қаржы қарастырылуда», — деді басқарма басшысы.
Тақырыпқа қатысты әрбір ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға жекелей тоқталған Н.Бадырақов ағымдағы жылы құны 1,2 млрд. теңгеге 10 нысанды қалпына келтіру жоспарланып отырғанын жеткізді. Нәтижесінде, Түркістан облысында 400 гектар жер жаңадан іске қосылып, 6 мың гектар жер сумен қамтамасыз етіледі, 1,2 мың гектар аймақтың мелиоративтік жағдайы жақсармақ.
Келтірілген деректерді мұқият тыңдаған облыс әкімі күн жылып, көктем мезгілі басталмай тұрып, ертерек, өңірдегі барлық су тоғандарына бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Суармалы жерлерді қалпына келтіру бағытындағы каналдарды республикалық меншікке өткізілуі қажет. Облыстағы барлық су қоймалар мен тоғандардың жағдайына талдау жүргізілсін. Қатаң тексеріледі. Қар суы мен тасқын суларды жинау үшін жоспарланған 26 шағын су қоймасының ЖСҚ-н мерзімінде әзірлеп, құрылыс жұмыстары басталуы тиіс. Ал жаз мезгілінде егін алқаптарында су тапшылығын жою мақсатында арнайы іс-шара қабылдап, облыстың суармалы егістік алқаптарының ұлғаюын қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Ж.Түймебаев.
Аппарат отырысында, сонымен бірге, су тасқынының және қауіп-қатерлердің алдын-алу мен жою жөніндегі іс-шаралар, 2015-2018 жылдары аралығында бюджет есебінен жобалық сметалық құжаттамаларға бөлінген қаржылардың есебіне талдау жүргізу, сондай-ақ, «Түркістан адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің атқарған жұмысы туралы да баяндамалар оқылып, тиісті сұрақтарға жауаптар алынды.
«Түркістан адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Қазбек Қамбаровтың баяндамасы аясында аймақ басшысы Түркістан облысындағы әрбір ауыл мен аудандарда халыққа кедергісіз қызмет көрсету үшін арнайы орталықтар ашу керектігін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі