ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

1914
Тұрбат ауылындағы «Қазанның ХХХ жылдығы» жалпы орта мектебінде бұдан отыз жыл бұрынғы отты жылдарға арналған «Ерлікке тағзым» атты кездесу кеші болды. Оны аудандық мәдениет сарайының әншісі С.Шаумаров жүргізді. Кездесуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері Болат Сайлан және Түркістан облысы Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Нұрлан Қадыров қатысты.
Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылы округіне қарасты Еңбек елдімекенінің тумасы, «Қазанның ХХХ жылдығы» мектебінің түлегі Болат Санабайұлы Сайлан 1985-жылы 25-сәуірде әскерге алынып, алдымен Тәжікстан республикасының Қорған-төбе қаласында «Ауған соғысына дайындайтын жас жауынгерлер сборында» оқу-жаттығудан өткен. 1985-жылдың тамыз айының басында Ауғанстан территориясына өтіп, Кундуз провинциясындағы 201-атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің қатарында соғысқа қатысып, 1987-жылдың тамызына дейін өз борышын орындаған. Бірнеше үкіметтік және ведомстволық наградалардың, «Құрмет» орденінің иегері.
Кешегі кеңес заманында 110 айға созылған және көптеген адамның өмірін жалмаған Ауған соғысының тарихын бүге-шігесіне дейін зерттеп, 2001-жылы «Ауған соғысының ақиқаты», 2006-жылы «Боздақтар мәңгі жадымызда» және 2018-жылы «Біз болған соғыс» кітаптарын жарыққа шығарған жерлесіміз оқушыларға слайдтар арқылы Ауған соғысының басталу себептерінен бастап аяқталуына дейін көптеген мәліметтер айтты. Ол: «Жүргізілген ірі көлемдегі және кішігірім операцилар кезінде қаншама қаруластарымыз көз жұмды. Жауынгер жарғысында: «Бұйрық талқыланбайды, тек орындалады», – деген қағида бар. Осы қағидаға сүйенсек, әрбір қаза тапқан, мүгедек болған және қатысып тірі қалған жауынгерлеріміз өз борышын адал орындауға күш салды. Сондықтан да олар өзінің әскери антын ешқашан бұзған жоқ. Біздің республикамызда 22 мың адам Ауған соғысына қатысты. Олардың мыңға жуығы соғыста құрбан болды, 20 адам із-түзсіз жоғалды. 2013-жылы бұл тізім екі адамға қысқарды, ал, қалған он сегізден әлі күнге дейін не дәйек, не хабар жоқ. Шектеулі контингент құрамында – 86 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алса, олардың арасында бір қазақ болды. Женева келісімінде белгіленгендей, 1989-жылы 15-ақпанда Ауғанстаннан соңғы Кеңес әскерлерінің әкетілуі аяқталды», – деді. Профессор Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Қайыргелді Сайынұлы Майдановтың 1988-жылы 29-шілдеде әскери тапсырманы орындау кезіндегі жанқиярлық ерлігін бүге-шігесіне дейін баяндап берді.
Тәжік-Ауған шекарасындағы іс-қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың бірі, ақын-сазгер Нұрлан Тастемірұлы да сөзге шығып, жастарымызды патриоттық тәрбиеге баулитын әндерін орындады.
Кездесу өте әсерлі өтті. Оған қатысқан әрбір оқушының Отанға деген сүйіспеншілігі артып, рухани байып қайтқаны анық еді. Олардың қос ардагердің өмір жолдарына қаныға түсіп, өздеріне үлгі-өнеге тұтатындары отты жанарларынан көрініп тұрды.
Құралбек ЕРГӨБЕКОВ,
Қазығұрт ауданы