ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында бірінші кезекті нысандардың құрылыс барысымен танысып, өңірді дамыту келешегі жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.
А. Мамин облыс әкімдігі ғимаратының, сауда орталығының құрылыс алаңдарын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, тұрғын үй алабының және басқа нысандардың құрылыс жұмыстарын тексерді. Сонымен қатар, «Күлтөбе» музей-қорығы құрылысының басталғанын көріп, отандық өндірушілердің құрылыс материалдарының көрмесіне барды.
Бірінші вице-премьер А. Мамин, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдері Ж. Түймебаев пен Қ. Көшербаев қызылордалықтардың өңірге сыйы — Шығыс моншасы — жаңа нысанының іргесін салды.
Түркістан облысын дамыту перспективалары жөніндегі кеңесте А. Мамин құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамыту салаларында мол тәжірибесі бар өңір әкімінің жаңа бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовты таныстырды. Ол Ақмола облысының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы өңірлік даму вице-министрі қызметтерін атқарған.
«Елбасының тарихи шешімінің арқасында түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жұмыстары басталды», — деп А. Мамин, қаланың құрылыс жұмыстары Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
2018 жылғы желтоқсанда нәтижесі шығарылған халықаралық сәулет байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан өңірлері мен ұлттық компаниялар бірегей нысандарды салады.
Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары қала саябағын салуға кіріседі, Павлодар облысы — Халыққа қызмет көрсету орталығын, Ақтөбе облысы — Қожа Ахмет Яссауи және Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін реконструкциялап, абаттандырады, Атырау облысы — «Ұлы дала елі» кешенін, Шығыс Қазақстан облысы — музыкалық фонтандар, Солтүстік Қазақстан облысы — Олимпиада қорының спорт мектебін, Жамбыл облысы — «Әзірет Сұлтан» ислам мәдениет орталығының визит орталығын, Батыс Қазақстан облысы — музыка мектебін, Қостанай облысы — Неке сарайын, Алматы қаласы — медиа орталық, Шымкент қаласы — ғылыми-әмбебап кітапхана және т.б. салады. Аталған тізімдегі бірінші кезекті нысандар осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Кеңес барысында облыс әкімі Ж. Түймебаев Түркістан қаласындағы бірінші кезекті нысандардың құрылыс барысы туралы баяндады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ. Өскенбаев облыс орталығының тұрғын үй құрылысы, инженерлік-инфрақұрылымдық жүйесі, газдандыру, жылумен және электрмен жабдықтау саласындағы жобаларды іске асыру туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов, облыс әкімдерінің орынбасарлары және мердігерлік ұйымдардың басшылары сөз сөйледі.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин кеңес қорытындысын шығара отырып, нысандар құрылысын оперативті түрде әрі сапалы жүргізу қажеттігін, оларды уақытылы пайдалануға беруді, Түркістан қаласында жаңа нысандардың жұмысын бастау қажеттігін атап өтті.