Басты Тарих Үлкенге құрметтің арқасында көл дауы қалай шешілді?
Қасқакөлдің Ұлы жүз бен Орта жүз халқына тең бөлінуіне Орманбет бидің анасы себеп болған деген аңыз бар.
Төле бидің егде тартқан шағы болса керек. Орта жүз бен Ұлы жүздің адамдары ортадағы Қасқакөл деген көлге таласып, оған үш жүздің билері қатысады. Соның ішінде бұл дауға Кіші жүзден Әйтеке де араласады. Дегенмен ел ішінде билер пәтуәсі сан рет нәтижесіз аяқталған екен. Төле мен Әйтеке бірінің сөзін бірі құптап келісімге келгенімен Орта жүздің биі орақ тілді Орманбет жасы кіші болса да, сөзге тұсау салғызбайды. Арлы-берлі жүрістен қажыған Төле мен Әйтеке Орманбетке адам жіберіп хат жазады. Орманбет хатты оқып шығып, жауап қайтарады. Елші хатты алып, Төле биге ұсынған күннен үш күн өткен соң Төле би мен Әйтеке би Айқынкөл жағасына үй тігіп, Қасқакөл жайлы соңғы шешім шығаруға бекінеді. 20-дан астам ақшаңқан үй тігіліп, билер түгел бас қосыпты. Орманбет адамдарымен келіп аттан түседі де, сол беті үлкен билерге сәлем беріп, ақ ордаға кіреді.
Сонда Төле:
“Ай, Орманбет! Мен әлі тірімін, өлгенім жоқ,
Бұдан бұрын неше сәлем айтсам да, келгенің жоқ,
Ер кетер, жер жетер, Орманбет!
Ешкімге опа қылмас дүние боқ!
Ей, Орманбет, сен бізден кіші баласың,
Біз барып қайттық, сен ілгері барасың,
Біз енді көп жүрмеспіз, көмілерміз,
Сен жас едің көңілдегіңді аларсың!” – дейді.
Сонда Әйтеке би де Төленің сөзін қостап:
“Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін.
Бай болып, пайдаң тимесе,
Батыр болып, найзаң тимесе,
Жұрттан алабөтен үйің күйсін деген бар.
Мына бізге кейінгілер осыны айта ма деп ойлаймын”, – дейді.
Сонда Орманбет:
“Екі би, айтқан сөзің жарасады,
Еншіге әр кімдер-ақ таласады,
Бұл Қасқакөл Орта жүздің көлі еді,
Айтқандарың қиянатқа жанасады.
Қанағатсыз билерді қабан деген,
Қамшылатқан жүйрікті шабан деген,
Біреудің ақысына зорлық қылса,
Ақыретте мұндай істер жаман деген”, – деп екі биге кезек қарап тұйғындай түйіліп, отыра қалады.
“Ей, Орманбет, сен бізге, Қасқакөлді беріңіз,
Қасқакөл, рас, саған жақынырақ.
Бардан пайда, жоқтан залал деген,
Не берсе, қайырын тілеп көріңіз.
Үш жүздің ортасында Қасқакөл,
Берсе, қайырын тілеп көріңіз.
Үш жүздің ортасында Қасқакөл бар,
Әр жерде су ішетін басқа көл бар,
Үш бөліп енші қылып алысайық,
Жер жетер, көңіліңді ұстама тар”, – дейді Төле би.
Үш би кеңесшілерімен бірге олай сөйлесіп, бұлай сөйлесіп, келісе алмайды. Орманбет екі қартқа ырық бермеген соң Төле би қатты сөз айтады. Ақыры бұл жолы да дау бітпей, Орманбет еліне қайтады. Үйіне келген соң даудың мән-жайын бастан-аяқ анасына баяндап береді. Сонда анасы:
Балам, қарт билерді бекер ренжіткен екенсің, әлі де тілімді алсаң, Қасқакөлді бөліп бер, – дейді.
Анасы айтып қоймаған соң Орманбет ұзақ ойланып, ақыры көнеді. Көнеді де, үй тігіп, тоғыз бие сойып, Төле мен Әйтекені шақырады. Билер келіп мәжілістесіп отырғанда Төле би былай дейді:
Әйел жақсы болса, білім иесі батыр туады, жаман болса, еркек бөкселі қатын туады. Әйел жақсы болса, ердің басшысы емес пе?! Бұрынғылар осылай демес пе? Қасқакөлді алам деп келіп едім, Орманбет бермеген соң өліп едім. 70 жасқа келгенде сөзім жерде қалып, мәңгіде тірілмейтін болып едім, жеңгей! Мені тірілттіңіз, енді балаңызға бата берейік, – дейді.
Ел көлді ынтымақпен бөлісіп, риза болып тарқапты.