Бақытбек Смағұл мектеп оқулығын сынады

1492
Дори, Нори, Ори! Мектеп оқулықтарындағы мысал ретінде берілген шетел кейіпкерлерінің атын атаймын деп депутаттың өзі шатысты. Бақытбек Смағұл 4, 7-сыныптың физика және математика кітаптарындағы қателікті көріп жағасын ұстап отыр. Себебі ондағы тапсырмалар оқушы түгіл мұғалімнің басын шыр айналдырады екен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Бақытбек Смағұл бүгін сапасы сын көтермейтін кітапты өзімен ала келіпті. Сөйтіп, онда өріп жүрген қателерді көзге шұқып көрсетті. Депутаттың айтуынша, оқулықтар алдымен орыс тілінде жазылып кейін қазақшаға аударылады. Тапсырмада берілген мысалдар тәржімалау кезінде мағынасын жоғалтады екен.
Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:
— 110-шы беттің 10-шы тапсырмасында шаңғышы мен велосипедшінің ұшу жылдамдығын анықта делінген. Мына кітап қолда тұр. О заманда бұ заман велосипедші мен шаңғышының ұшуын көрген жоқпыз ғой. 135-бет 5-тапсырмада Дори, Нори, Ори деген қазаққа жат есімдермен мысалдар келтірген. Жаттығуға мысал болатын қазақтың аты жоқ па?
Дауға қалған 7-сыныптың физика пәнінің оқулығы «Мектеп» баспасына тиесілі. 109-шы беттегі тапсырмада «бала бәтеңкесінің ауданын» тап деген тапсырма бар. Мәжілісмен дұрысында бала бәтеңкесі табанының ауданы болуы керек дейді. Алайда, баспагерлердің өз уәжі бар.
Әуелай Оспанова, «Мектеп» баспасы бас редактордың орынбасары:
— Бұл жерде табанға байланысты емес. Табанның көлемін өлше деген есеп берілмеген. Бәтеңкемен тұрған бала мен шаңғының үстінде тұрған баланың қарға түскен қысымына қатысты есеп қой. Сондықтан бұл жерде өте түсінікті деп ойлаймыз. Одан кейін бұл бүкіл республикалық деңгейдегі тексерулерден өткен.
«Алматы кітап» баспасы төл теңгемізді жазуға ерінген. Оның орнына KZ таңбасын қоя салыпты дейді Бақытбек Смағұл. Олар шығарған математика оқулығында қазақ зиялыларының тегі дұрыс жазылмаған. Сонда қатесі өріп жүрген кітаппен бала оқытуға Білім министрлігі қалай рұқсат еткен?
Өмірзақ Әбдішүкірұлы, «Алматы кітап» қазақ редакциясының бас редакторы:
— Ол оқулықтар біріншіден шыққан жоқ. Күні кеше осы мамыр айының 6-7-і күні мемлекеттік сараптаманың ең соңғысы өтті. Мынандай қате кетіпті деген беттерді ашып қарасақ, құдай-ау ондай дүниелер бізде болмаған да екен. Менің ойымша халық қалаулысының қолындағы кітап жұмыс нұсқасы болуы мүмкін. Яғни, бекітілмеген оқулық.
Былық бұнымен бітер емес. Мәжілісмендер 4-сыныптың әдебиет оқулығындағы YouTube-тен мультфильм көріп, мазмұнын айт деп тапсырма берген авторларға шүйлікті. Өйткені, онсызда жеткіншектерді интернеттен айыра алмай отырған уақытта шетелдің «Рататуйын» көрсетіп, мазмұнын сұратқанымыз қай сасқанымыз деп байбалам салды. Өз оқулықтарымызда өзгенің қақсығын таңсық қылмай, керісінше ана тіліміздегі балаларға арналған туындыларды жарнамалағанымыз жөн дейді депутаттар. Ал, сынға іліккен кітаптарға байланысты білім және ғылым министрлігі бүгін үнсіз қалуды жөн көрді.