МЕН ОНЫ КІНӘЛАЙ АЛМАДЫМ

2023
—Ту-у-у, сіз де бір,шаршаттыңыз ғой, қайта-қайта… Немене бала болып кеттіңіз бе?-деген Бану жорта ашуланып, баладай бұлтиып,мені нәзік те жып-жылы саусақтарымен ашуландырып алмайын дегендей ептеп қана ұрғылаған болып денесін көрпемен орап алды.
Жаңа ғана тұнық суаттан мейірімім қанғанша сусындап, тояттаған мен сахараның шөлінен келгендей қайта қаталап шөліркеп сала бердім.
Оның омырауына дейін ашық еді. Аршыған жұмыртқадай аппақ иықтары менменшіл сезімнің құмар құрттарын қайта оятып, құштарлық отын маздатты. Көрпенің бір шетін ашып, күйіп-жанып жатқан қыздың ыстық құшағына сүңгіп, оны өзіме қарай тарттым.
Ол орнынан тұрғанда қайыңдай балтырлары судан шоршып шыққан ақ сазандардай жарқ ете қалды. Сұңғақ та сүйкімді сұлу ақ торғын көйлегін киіп, ваннаға өтті. Ауаға сіңіп қалған хош иіс бас айналдырды. Тоят түнінің талбесігінде қаншама тербелсем де тұла бойында бір міні жоқ оның балғын денесін тағы да көргім келді.
Жуынып келген Бануға көзімнің сұғын тойдырып ұзақ қарадым. Кеудесі көріктей бір көтеріліп, бір басылып жатқан ол әнтек жымиып, сұңғақ саусақтарымен шашымды тарағыштай бастады. Басымда сүйкімді бір шымыр ойнап, көзімді еріксіз жұма беріп, қайта аштым. Оның тоқ балтырлары кімді де болса есінен тандырардай еді. Талықсып жатқан қыздың көздері соншалықты тұнық та тұңғиық. Осы тұңғиық тереңіне жұтылып бара жатқанымды сезіндім.
-Бану!
-Әу!
-Сен қандай сұлусың! Тіптен сөзім жетпейді.
-Енді ше?
Өзінің хас шебердің қолынан шыққандай мінсіз денесін білетін әрі онысын жігіт алдында бұлдай да алатын қыз тәкаппар да паң болады емес пе? Ал, кешелі бері махаббат көліне бірге шомылып жатқан ол шолжаң баладай еркелей күлді. Бөлмеге мөлдір моншақтар шашылып түскендей маңайымыз сәулеленіп сала берді.
Біз ас бөлмесіне өттік.
-Шарап ішесің бе?
-Аздап.
-Шай қойсам қайтеді?
-Қажет емес.
-Бәлкім, кофе ішерсің?
-Мейліңіз.
Мен екі бокалға қызыл қошқыл шарапты орталап құйып, бірін Банудың алдына қойдым.
-Не үшін ішеміз?
-Бақыт үшін!
Бану мырс етіп күлді.
-Неге күлесің?
-Бақыт дегенге сенесіз бе?
-Сенемін.
-Ал, мен сенбеймін.
-Неге?
-Ол ұзақ әңгіме.
-Қанша ұзақ болса да тыңдауға дайынмын.
-Біреудің талайлы тағдыры біреуге қызық болмайды. Сізді жалықтырып алмаймын ба?
-Сенің әңгімеңді тыңдап, қасыңда осылай отыра беруге жалықпас едім.
-Ал,ол жалықты.
-Оның кім?
-Сатқын!
-Сатқыны несі?
-Сатқын болып туған соң, осы құбыжық күйінде қалады да.
Мен оның аппақ мәрмардай иығынан құшақтап, мойынынан сүйдім.
Бану бокалдағы шарапты сарқып ішті.
-Қашаннан ішесің?
-Нені?
-Шарапты.
-Сатқынға жолыққалы ішіп келемін.
-Оны жек көретін секілдісің?
-Иә, иттің етінен де жек көремін.
Бұрын-соңды көрмеген, білмеген бақталасымды мен де іштей жек көре бастағанымды байқадым. Ішімді қызғаныштың қызыл иті тырмалады. Егер оны тап қазір кездестірсем, түтіп жеуге бармын. Бірақ, ол көрінбеді. Көрінбейтін де еді. Бануды не үшін қызғандым? Әлде оны ұнатып қалдым ба? Бәлкім, жалт ете қалған ұшқыр сезім өткінші жаңбыр секілді селдетіп өте шығар. Не дегенмен бұл махаббаттан тысқары беймаза бір толқынды тербеліс еді.
Ішкі жан толқыныстарымды қыздарға тән сезімталдықпен тап басып тани алған Бану мені өзіне тартып құшақтады. Менің буырқанған бура бұлқыныстарым бірте-бірте басылып, оның сұлу келбетіне тоймай тесіле қарадым.
-Сен оны соншалықты жек көрсең де ұмыта алмаған сияқтысың.
-Қайтесіз соны?
—Оны айтқанда дауысында діріл пайда болады екен.
-Рас па?
-Рас.
-Сүйесің бе?
-Сіз не деп тұрсыз?
Ол орынынан долдана тұрды. Сұлудың сұрланғаны соншалықты сүйкімсіз болар ма? Мұрыны қушиып, көзінен от шашырады.
Япырай, мынадай хас сұлуды күресінге көзі қиып тастай салған қандай табаны тайғақ, жүрегі жоқ пенде еді? Тағдыр талқысына түскен тәкаппар қызды одан әрі қинағым келмеді.
-Тағы да құйыңызшы.
-Мас болып қалмайсың ба?
-Менің мас болғым келеді.
-Өмірдің өкініштері мен өңмендіктерінен мас болып құтылу мүмкін емес.
-Оны кім білмейді?
-Ендеше неге ішесің?
-Ішкім келген соң, ішемін.
-Бәлкім, осы да жетер.
-Немене, шарабыңызды қимайсыз ба?
-Қызықсың. Адам шарапты да қимай ма екен? Бірақ…
-Жоқ, мен бір жұтым ғана ішемін.
Екі бокалға шарапты тағы да орталай құйып шықтым. Бұл жолы тілек айтқым келмеді. Өйткені, Бануға қай тілек те ұнамас еді.
-Тілек айтпайсыз ба?
Мен аңырап қалдым.
-Айтайын.
-Тағы да сол бақыт үшін бе?
-Жоқ. Бұл жолы екеуіміздің кездескеніміз үшін.
-Бұған енді ішуге болады.
Бану жымың етіп күлді де бұл жолы да шарапты сарқып ішті.
-Менің жатқым келеді.
Балбырап тұрған қызды көтеріп алдым да төсекке қарай жүрдім. Оның жұпар иісі бұрқыраған шаштары ерекше бір нәзік те сыйқырлы сезіммен
бетімді қытықтады. Банудың қызыл бүлдіргендей еріндеріне сүліктей қадалдым.
Біз арада едәуір уақыт өткен соң асханаға қайта өттік.
-Сіз мені жақсы көресіз бе?
-Иә.
-Еркектер үнемі осылай өтірік айтады.
-Бәрі емес.
-Түгелдей.
-Соның ішінде мен де бармын ба?
-Барсыз.
Дауласа алмадым. «Аттың сыры иесіне мәлім».
-Үндемей қалдыңыз ғой.
-Сенімен келісетін сияқтымын.
«Келіспей қайда барасыз?» дегендей ол өз шешімінің дұрыс шыққанына масаттанып сыңғырлай күлді. Сосын жеңісіне мәз болған жас баладай қуанып, мені сүйріктей сұлу саусақтарымен түртіп-түртіп қойып,басын иығыма сүйеді.
-Жаңа бір әңгіме айтамын деп едің?
-Соның сізге керегі бар ма?
-Бар сияқты.
—Ендеше айтайын. Жек көріп кетесіз ғой.
-Сені жек көру мүмкін бе?
Бану теріс қарап аунап түсті. Иығының солқылдағанына, қолдарын көзіне жиі апарғанына қарап оның жылап жатқанын білдім. Оны қалай жұбатудың есебін таппадым. Ол жұбанбастан ұзақ жылады. Енді оны осы жұбанбаған күйі орынынан тұрып, қоштаспастан кетіп қалатын шығар деп ойладым. Бірақ, ол бері қарай аунап түсті де:
-Сізді ренжітіп алғаным жоқ па?-деп сұрады.
Түрі ештеңе де болмағандай жадыраңқы еді.
-Жоқ!-дедім мен ауызыма басқа сөз түспей.
-Егер сіздің уақытыңызды босқа алмасам, жүрегіңізге қаяу түсірмесем,айтайын. Әңгімем ұнамаса ескертерсіз.
-Жарайды.
Көңіл құйынының қалай-қалай құбылғанын қыздың бетіне ойнап шыға келген жұқалтаң арай анық аңғартқандай еді. Ол ішкі толқыныстары мен жан тербелістерін қанша жасырғысы келгенімен, ойнамалы жүзі сыр шашып алды.
-Кешіріңіз.-деді қыз өзінен-өзі қымсынып.
-Оқасы жоқ.
Ол «неден бастасам екен?» дегендей еріндерін қымқырып біраз отырды. Енді оны қамшылағым келмеді.
-Бәрі де сол жоқшылықтың кесірі,-деді ол.
Маған бір топ үйрек айдын-көлден дүр етіп ұшқандай сезілді. Қызға тіктеп қарамадым. Оның өңі тобарсып, еріндері құрғап бара жатқанын ішім сезді. Алакөлеңкеде оның дауысы құмығып шықты.
-Жоғары оқу орынына түскеніммен, грант бұйырмады. Әке-шешемнің жиған-тергені бірінші курста-ақ сарқылды. «Енді не болар екен?» деп жүргенімде құрбыларым ақыл қосты. Содан екі-үш қыз мейрамханада даяшы болып жұмыс істей бастадық. Бірақ, оның қаржысы ешқандай жыртығымызды жамай алмайтын болмашы ғана тиын-тебен еді. Шыңын айтсам, әбден азып-тозып кеттім. Бәріне қолды бір-ақ сілтеп, ауылға тартып кетейін десем, оқуымды, құрбыларымды қимадым. Сіз білесіз бе, мектепте оқып жүргенімде «шіркін, жоғары білім алып, білікті маман болсам ғой» деп армандайтынмын. Мақтанғаным емес, сабақты жақсы оқыдым. Университетте «сабақты жақсы оқығандарды ақысыз курсқа көшіреді екен» дегендері бекершілік пе деп қалдым. Пәтерге, тамаққа, жүріп-тұруымызға,сейіл-серуенге, универге көп-көп теңге керек еді. Ауылдағы әке-шешемнің шама-шарқы белгілі.
Бану осы жерге келгенде сөзін кілт тоқтатып, жүзіме барлай қарады. Менің бет-жүзімнен құбылмалы құйтырқылық белгілерін таппады-ау шамасы, әңгімесін қайта жалғады.
-Сөйтіп сансырап сүйретіліп жүргенімде барлық бәлені Зағипа бастады. «Бір кісімен таныстырамын, үлде мен бүлдеге орап қояды» деді ол. Бастапқыда «маған неге бұлай дейсіз?» деп ер-тоқымымды бауырыма алып туладым. Оны суқаным сүймеді. Бірақ, сұр жыландай жаланып, күндіз-түні құлағымның құрыш етін жей берді. Солай оның құрған торына жыланға арбалған торғайдай топ ете түстім. Зағипа ақыры мені дегеніне көндірді. Сол күні шағын мейрамханада Зағипа мені Онымен таныстырды. Жасы келіп қалған кісі екен. Алайда, сонысына қарамай маңғаз, өзінше тәкаппарсынған біреу. Мінезі кіді. Айтуынша, байлыққа белшесінен батып қалған. «Бақытыңа енді жолықтың» деді Зағипа. Ол мені бір көргеннен-ақ ұнатты. Тіпті, өлердей ғашық болды десем, қателеспеймін. «Аспандағы Айдан басқасын әперемін» деді. Жасыратын несі бар, солай етті де. Ә дегенде екі бөлмелі пәтер жалдап берді. Бөлмелерді жаңа жиһазбен толтырды. Енді мен сабағыма, тамағыма, жүріс-тұрысыма теңгені қайдан аламын деп уайымдамайтын болдым. Есесіне Ол шектен тыс қызғаншақ еді. Автокөлік жүргізушісіне менің жүрген-тұрғанымды аңдытып қойды. Ақымақ емеспін ғой, мен де аяғымды қия баспауға тырыстым. Бір жолы былай болды. Пәтеріме курстас құрбымды ертіп келе қалмаймын ба? Жалғыздан-жалғыз ішқұса болып өлуге айналғанмын. Қырсық шалғанда Ол есікті қағып тұр. Құрбым менің мына жасырынбақ ойынымнан бейхабар еді. Мұндай қорланбаспын. Үйде бөтен жанның бар екенін біліп қатты ашуланды. «Көкем келіп қалды» деп құрбымды түн ішінде таксиге салып жібердім. Әрине, ол қандай «көкемнің» келе қалғанын біліп кетті. Содан бері пәтерге ешкім бас сұққан емес. Бөлмеде не керектің барлығы да бар. Дегенмен, жалғыздық әбден шаршатып та біткен еді. Ол апта аралатып қонып кетеді. Кейде екі-үш күнге келеді. Мұндайда пәтерден шықпаймыз. Әр келгенде Ол қалта телефонын өшіріп тастайтын.
Несін айта берейін, универді бітіргенше бетіме ешкім жел болып тиген жоқ. Ештеңеден таршылық көрмедім. Есесіне ауылдағы әке-шешемнен, бауырларымнан, курстас құрбыларымнан бірте-бірте жырақтап бара жатқанымды анық сезіндім. Ол жазғы каникулда ауылға бір аптаға ғана жіберуші еді. Менің табан астында өзгеріп шыға келгеніме,несің айтасыз,барлығы да қайран қалды.Анам байғұс астарлап сыр тартушы еді. «Күндіз оқып, түнде жұмыс істеп жүрмін» деп құтылатынмын. Анам менің түнде қандай «жұмыс істеп» жүргенімді қайдан білсің? Ал, әкемнің қарасарға қотыр ешкісі де жоқ. Анам ауыр күрсінеді. Менің жүрегім парша-парша болып сөгіледі.
Алғашқында осы жүрісіме қатты қысылатынмын. Сөйтсем, универдің қыз-қырқыны бір-бір «көке» тауып алған екен ғой. Ал, бай-бағыландардың
қыздары желігіп түнгі клубтардан шықпайды. Астарында қымбат көлік, ауыздарында қымбат шарап, қымбат темекі. Беттері жылтырағанмен, сөздері өктем болғанымен көбісінің аяғы сұйық. Осыларды білген соң өзімді кінәлай да бермейтінмін.Тіпті, еркінсіп, бойым жеңілдеп қалды. Алдымнан үміт шамы жанғандай еді.
Бану ауыр күрсінді. Жанарынан жаһұттай моншақтар төгіліп, ақша жүзінде төмен қарай сырғанықтап құлдилай берді. Мен оның көз жасын сүрткенім жоқ. Ол да сүйріктей сұлу саусақтарымен іліп тастамады. Іштегі шер мұң толқытса шығады. Оны жұбатқансып, көлгірсіңгім келмеді.
Хас сұлудың жылағанының өзі қайталанбас ғажайып сурет секілді. Япырай, Жаратқан адамды да осылай мінсіз жаратады екен-ау. Жас кезімде ертегілерден перінің қызы дегенді оқушы едім. Көрген адам есінен танып қалады делініп суреттелетін. Дала кезіп, жынданып кетеді деседі. Мына қыз пері нәсілінен емес пе екен? Бану жылап емес,балқып-еріп жатқандай көрінді маған.
-Шарап ішіміз бе?-деді ол басын көтеріп.
-Ішеміз.
Ол жібектей толқынды шашын сілкіп тастап, басын кеудеме қойды. Өн бойымды ыстық леп шарпыды. Оңашада санамды тағы да оқшау тілек сансыратты.
—Кейін, кейін…-деді ол менің тағатсыз тілегімді әйелдерге тән түйсігімен сезініп.
Ол маған қарап күлімсіреді де ақ торғын көйлегін киіп алды.
-Мен-маскүнеммін,—деді ол шарап толы бокалды сығымдай ұстап отырып.
—Қайдағыны айтпашы.
-Сіз білмейсіз ғой. Пәтерімде ішімдіктің түр-түрі толып тұрды. Ол әсіресе вискиді көп әкелуші еді.
-Вискиді сен де ұнатасың ба?
-Жо-ға.
-Онда вискиді кіммен ішеді? Әлде достарын ертіп келуші ме еді?
—Жоқ. Үйге достарың ертіп келмейтін еді дедім ғой.
-Сонда ол вискиді жалғыз өзі ғана ішеді ме?
-Иә.
-Сен ше?
-Мен алғаш жұмсақ шарап ішіп жүрдім. Үйрене келе арақтан да тартынбайтын болдым.
-Түсінікті.
-Ол айтқанын істетуші еді.
-Сабақ ше?
-Жайына қалды.
-Сонда курстан курсқа қалай өтіп жүрдің?
— Тәйірі,сол да сөз болыпты ма? Теңге деген Тәңірі барда сабақ деген шопақ емес пе?
—Дәуренін жүрген-ақ екен.
Бану бокалына шарапты қайтадан толтырып алды. Темекінің мен көрмеген ерекше түрін ерініне қыстырып, оттықты жарқ еткізіп тұтатты. Қою түтін сақина-сақина болып доғалана өріліп, шеңбер жасап қалқи ұшты. Оның түтін шығарғанда еріндерін түртитіп алатыны да өзіне жараса кетті. Темекі күлін күлсалғышқа балаңүйрек саусағымен шертіп түсірген ол әңгімесін бұл жолы сұратпай-ақ бастады.
-Биыл қолыма көптен армандаған диплом тиді. Бірақ, қуанышым ұзаққа бармады. «Қатырлағыңды қолыңа алған күні өзің қалаған қызметке орналастырамын. Одан әрі қызмет сатысымен биіктей бересің» деген қамқоршым қысқа күнде қырық құбылып, нілдей бұзылды. Сөйтсем, оның өмірінде тағы бір сұлу пайда болыпты. «Дипломыңды алдың. Мен қарызымнан құтылдым» деп пәтерден қуып шықты. Төрт жыл бойы жолына қарайлап, оны пірім санап келдім емес пе? Мына қылығы мені түңілдіріп жіберді. Өзімді ішіндегі шырынын сорып алып, қоқысқа тастай салған қабықтай сезіндім. Сөйтіп, бір-ақ күнде жетім лақтай маңырап далада қалдым,—деген Бану бокалға қолын қайта созды.
Ол ауыр күрсінді. Ауызынан жалын атқылады. Жайнақы жанары жұмылып, тұңғиық бір тереңге жұтылып бара жатты. Денем тоңазыды.
-Кеше бұрынғы пәтеріме бардым. Ана немесін көргім келді. Пәлендей асып бара жатқан сұлулығы жоқ, тәмпіш танау ауылбайский аңқау қыз. Ендігі қыз емес қой (мысқылдай күлді). «Сіз кімсіз?» дейді ежірейіп. Оның қарсылығына қарамай бөлмелерді түгел аралап шықтым. Анау жиһаздарды жаңалапты. Бірқатар киім-кешегім, кітаптарым қалып еді. Көрінбеді. Сірә, оларды қоқысқа тастай салған-ау. Басынып, барлық бөлмені аралап жүрген бәлекеттен қорқайын деді ме екен, пәтердің жаңа қожайыны қамқоршысына қоңырау шалды. Тап осы кезде аңдып тұрғандай екі алпамсадай жігіт әлекейдей жаланып кіріп келді. Олар ай-шайға қараптастан қолтығымнан сүйрелеп далаға ала жөнелді. «Бұдан бы
лай осы үйдің маңайынан көрсек, әке-шешең сүйегіңді де таппай қалады» деді олар қабақтарынан қар жауып. Бұл екеуі Оның шабарманы екенін жақсы білдім. Мұндай қорланбаспын. Өлгім келді. Ақыл-есімнен адасып, жынды көбелектей қалбаңдап келе жатқанымда сіз кездестіңіз,—деді Бану.
-Немене жаман болды ма?
«Бір ғана түндік жалдамалы пәтерде несіне кісімсисіз? Ол сияқты дүние-байлығыңыз болса қырып жібереді екенсіз ғой» дегенді Банудың жүзінен оқығандаймын. Жігіттік намысым атойлап бас көтерді.Алайда, Банудың алған бетінен қайтпайтынын біліп қалған едім. Шамалы шамдандырсам, есікті тарс жауып шығып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан «үндемеген үйдей бәледен құтылады» дегенге ұйыдым.
-Тағы да құяйын ба?
-Аздап.
-Енді не істемек ойың бар?
Ол қарсы сұрақ қойды.
-Сіздіңше ше?
-Жұмысқа орналасу керек.
(Дүниеде ақыл айтқаннан оңай не бар екен?)
-Сіз маған жұмыс тауып бере аласыз ба?
-Қарастырып к
еді. Дүниеде шарасыздықтан өткен қасірет бар ма? Қыл аяғы осындай ұрымтал жерде бір қайрат жасай алмаған соң жігіт болып жер басып жүргенім кімге керек? Ол менің дәрменсіздігіме мысқылдап қарап тұрды.
Жанымда отырып-ақ жырақтап бара жатқан Бану көз алдымда көк кептерге айналып, әне-міне пыр етіп ұшып кететіндей. Қолыма өзі келіп қонған бақ құсымды үркітіп алмау үшін неге де болса дайын едім. Ауа жетпей қалған адамдай жан-жағымды қарманып, шатқаяқтап құлап кете жаздадым. Тайқы тағдыр-ай десеңші, біреуді зор, біреуді қор етіп қояды!
-Қызмет емес, жұмыс сұрап қақпаған есігім қалмады. Біреулері осқырына қарады. Біреулері сұқтана қарады. Бір мекеме бар. Бастығы мені көргенде есінен танып қалды. Қызметке шақырып отыр. Бұл «көкемнің» де кесек кемшіліктері көрініп тұр. Бірақ, маған берген уәдесінде тұрса, қор болмайтын сияқтымын. Неде болса, маңдайыма жазылғанын көремін. Енді маған аянатын не қалды? Мен баяғы аңқау студент емеспін. Өзіме керектіні алып қалуға ақылым да, айлам да жетеді,-деді Бану.
«Оның үстіне мына сымбаттылығымды қайда қоясыз?». Мен оның ауызынан шықпаған осы сөзді айтқызбай-ақ түсінгенмін.
Әккі аңшыдан әбден қуғын көрген шуан қарсы алдымда көздерінен от ұшқындап тұрды. Мен оған тіктеп қарай алмадым. Өмірдің көптеген жойдасыз шырғалаңын көріп, ширығып алған оның қандай құбыжық болса да қаймықпастан қарсы шығарына шүбә келтіре алмадым. Қорқынышымды, денемдегі дірілді сездірмеуге тырыстым.
-Сатқын! Сүмелек! Оңбаған!-деп Бану қалш-қалш етті.
Үш бірдей қарғыс атқан қаралы теңеу қақ жүрекке дөп тиді. Кінәға белшеден бата отырып, өзіңді судан таза, сүттен ақ сезіне алмайды екенсің.
Қасқырдан қашқан көжектей дір-дір етіп, көздерім шарасынан шыға жаздап отырған маған Бану шаншыла қарады. Кірпіктері жебедей көрінді.
-Сатқындар! Шеттеріңнен сатқынсыңдар! Айуандар!
Қам сүт емген пенде шіркін қашанда өзің күнәдан пәк періште санайды. Пендешілігім басым түсті-ау,шамасы, үрейленіп отырсам да үмітімді үзбедім.
-Мен ше?
-Сен де сатқынсың! Барып тұрған екіжүздісің! Сорлысың!
-Қалайша?
-Қатыныңды, бала-шағаңды «іс-сапарға кеттім» деп алдап кетіп, осында ойран салып жатырсың. Сатқын емей, кімсің енді?
Ауызыма құм құйылып, тұңшықтым да қалдым.
Оның бойында әйелге тән нәзіктіктің, жылылықтың, сыпайылықтың, биязылықтың, ізеттіліктің, ілтипаттылықтың, жайдарылықтың жұрнағы да қалмапты. Жаңа ғана нұрлана түсіп, ұрлана қарап, «сіз» деп сызылып, сыпайысынып отырған ол сұрлана, сыздана түйіліп, «сенге» көшіпті. Бірақ, «сіз» деп басына көтеретіндей менің бойымда қандай игі қасиет қалды? Ол шындықты шыжғырып бетіме басты. Рас, мен сатқынмын! Иә,иә, сатқынмын! Нәжіске түсіп кеткендей өз денемнен өзім жиіркеніп, ал кеп құсайын. Жуыну бөлмесінде жарты сағаттай өз-өзіме келе алмастан сең соққан балықтай есеңгіреп тұрдым.
-Аға, қазіргі қоғамда аппақ арлы адамды қолыңызға майшам алып іздесеңіз де таба алмайсыз. Бұған қоқысқа белшесінен батқан қоғам кінәлі. Сондықтан, өзіңізді соншалықты жазғыра бермеңіз,—деді Бану жуыну бөлмесінен оралғанымда.
Мен оның нәумез күй кешкен немқұрайлы жүзіне үңіле қарадым. Манағы тепсініп тұрған қыз көрінбейді. Орынында ойлы көзің әлдеқандай тұңғиыққа қадап, момақан, жуас бойжеткен отыр.
Диванға құлай кеттім. Әртүрлі бейнеге сәт сайын ауысып, мың құбылып жөңкіле көшетін құбылмалы бұлт сияқты өзгермелі өксік өмір туралы ойладым. «Біреуге— айдай алмас мал береді. Біреуге—шығар-шықпас жан береді» деп бұрынғылар қалай дәл тауып айтты екен? Дүние қызыл түлкі болып бұлаңдап, бағы тайғандарға бақыр да бұйырмай тұр емес пе? «Жігіттің бір қызығы—сауықты өмір» дегенмен, сол құрғырыңның өзі сатқындықпен туыс, сайтанмен қойындас екен-ау. Керек кезінде жігіттік таныта алмағанның жазасы—жер болып қорлану. Бұдан асқан қасірет жоқ.
-Малтып шыға алмас тұңғиық ойға батып кеттіңіз-ау, ағасы.
-?!
-Енді одан оңайлықпен құтылмайсыз.
-Солай секілді.
—Әне, еркектердің бәрі де сондай.
-Қандай?
—Олар сәл ғана қиындық көре қалса, қолға ұстаған қырықбуын секілді үгітіліп түседі. Шеттерінен жасық. Күйреуік. Соларына қарамастан бастарынан құс ұшырмайды. Бақастыққа бауыр басқан. Ішмерез. Іштеріне пышақ айналмайды. Қоянжүрек. Сөйте тұра «еркекпін» деп өзеурегенде өгіздей өлермен. Анау да сондай еді. Қатынынан сұмдық қорқатын. Талай рет түн ішінде іш киімін киюге де үлгермей тайып тұрды. Тіпті, ондайда «хош» деуге де шамасы келмейтін. Сужүрек! Опасыз! Оңбаған!
Банудың боран-бұрқасыны тағы да көтерілейін деген соң енді оның ығың ала сөйлеуге көштім.
-Жаным, шай қойып жіберсем қайтеді?
—Ықтиярыңыз.
Екі-үш кесе шай ішкен соң Бану байсалды қалпын қайта тапты.
-Артық кетсем, кешіріңіз. Менің де оңып тұрған қылығым жоқ.
—Ештеңе етпейді.
—Күйіп кетемін ғой, күйіп кетемін. Түсініп отырған шығарсыз.
—Иә.
—Мына қайыршы заманда сұраншыдан—тіленші, соқырдан—көрмес, сараңнан—бермес туып жатыр. Қоғам ластанды. Лас жерде барлық былық иттей күшіктейді. Қазір сыйынғаныңнан сүйенгенін мықты болсын деген заман. Солай емес пе,аға?
-Солай!
-Солай болса,енді менің не істеуім керек?
—Оның жөн-жобасын тапқан сияқтысың ғой.
—Онда мен де сатқынмын! Иә, сатқынмын!
-Япырай, бүгін ауызыңа «сатқыннан» басқа сөз түспеді ғой.
-Өйткені, біз сатқын, жәдігөй қоғамда өмір сүріп отырмыз. Мұндай ортада береке,бірлік, адалдық, имандылық болмайды,аға. Кетеуі кеткен кері заманда адамгершілік, тазалық, ибалылық сияқты киелі ұғымдарға орын қалмайды. Мұны бордай тозу дейді.
Адам ашынғанда шешен болып кетеді екен ғой. Қалай-қалай тауып сөйлейді? Кейде қауып та сөйлейді. Оның мысы мені басып бара жатқандай
ма, қалай өзі? Қарсы айтар уәжім қайда? Дәлелім қайда? Үш бірдей дипломын сандыққа салып тастап,бір танысымның ұлы базарда арба сүйретіп жүр емес пе? Шетелде оқып келген, адамгершіліктің, имандылықтың, тазалықтың шыңына шықты деген бір шенеуніктің баласы былыққа белшесінен батты. Ұлттың қауіпсіздігін сақтайды деген дөй ұлтың сатып кетті. Қызметтің ұшар шыңына шыққан тағы біреу жемқорлықтың торына маталды. Осындай масқараларды санап отырсаңыз, төбе шашыңыз өзінен-өзі тікірейеді.
Бану астынан су шыққандай ұшып тұрып, тез-тез киінді.
-Кетіп барамын. Хош болыңыз!
-Енді қашан кездесер екенбіз?
-Ешқашан да!
Бұл сөз соттың аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерге шығарған қатаң үкіміндей жүректі жаншып, миды солқылдатып жіберді.
-Неге?
-Себебі, сіз тиын санаған бейшарасыз. Ал, менің бейшара болғым келмейді. Сау болыңыз!
Есік тарс етіп жабылды. Оның қатты жабылғаны соншалық, дүрс ете қалған дауысынан құлағым бітіп қала жаздады.
Тосыннан табыла кеткен тотым не деп кетті? Бейшара деді-ау. Иә, бейшара қоғамның ұлы бейшара болмай, қайда барады?
Көңілге шұғылалы сәуле себелеген Банудың бөлмеде елесі мен ауада аңқыған хош иісі ғана қалды. Жанымның бүкіл терезелерін ашып, оған деген ыстық та ынтық сезімімді білдіріп, ыстық ықыласына бөленген көлдей көңілім адасқан күшіктей далбасалап, үріп қалды! Көп –ақ қой, көп күнәларым, сондықтан оны қалай ғана кінәлармын?
Жалдамалы пәтерден құр сүлдерім сүйретіліп шықты. Аспан түңеріп, зілмауыр қою қара бұлт жыланбауырлап жылжып келеді екен.Тұңғиық та терең иірім мені шыр айналдырып шыңырауына тарта берді. Басым айналып, көзім қарауытты. Жын-пері жайлаған қара орманда жападан жалғыз келе жатқандай көңілім құлазыды, жаным жабырқады. Әлден соң төңіректі көзге түрткісіз қаратүнек басты. Мен енді осы тылсым түнектен енді қайтып шыға алмаймын-ау деп қорықтым.
Қара түнек шыңырауына шым-шым батырып барады. Неге екенін білмедім, оның құрсауынан құтылуға талпынудың орынына иірімдеріне орап әлдеқандай әлемге әкетіп қалса деп тілейтіндеймін.
Жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнағанда барып селк ете түстім. Өкпемді өксік қысып, жүрегімді өкініш өрті жаншып келеді екен. Бұл ненің өкініші? Таба алмадым.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ