Cарыағашта журналист Амангелді Батырбеков тағы да сотталды

1112
23 қыркүйек күні Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты жергілікті белсенді, «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы Амангелді Батырбековты 2 жыл 10 айға бас бостандығынан айырды.
Аудандық соттың өкілі Ақерке Мейірбекованың Азаттыққа айтуынша, сот Батырбековты Қылмыстық кодекстің «жала жабу» және «қорлау» бабымен кінәлі деп үкім шығарған. Оның айтуынша, «Амангелді Батырбековтің Facebook парақшасына жариялаған бес жазбасына арнайы сараптама жасалған. Сараптама қорытындысы бойынша «жәбірленуші Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер бар екені анықталған».
Сотталушының әйелі, қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова Амангелді Батырбеков тағылған айыпты мойындамағанын айтты.
— Cот істі біржақты қарады. Батырбековтың бірде-бір дәлелін ескермеді. Ол Facebook парақшасына Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиев туралы «Келестегі кеңкелестік» атты жазба жазған. Егер жәбірленуші ар-намысыма тиді, қорлады десе, сотқа арызданбас бұрын терістеме беруді сұрау керек еді. Апелляциялық шағым түсіреміз,-дейді ол.
Амангелді Батырбеков өзінің үстінен сот басталғаны жайлы қыркүйектің бесіне Facebook парақшасына жазған. Онда «Келес ауданы білім бөлімінің бастығы Бақтияр Абдиев «Facebook парақшасы арқылы жала жапты, ар-намысыма тиді» деп сотқа шағымданғанын айтқан.
Амангелді Батырбеков қыркүйектің бесіне өткен алғашқы сот отырысында судья Зәуре Әлсееваға сенімсіздік білдіргенін хабарлаған. «Зәуре Әлсееваны бұрын баспасөз бетінде бірнеше рет сынадым және ол маған қатысты заңсыз шешім шығарған деген уәжімді ескермеді» деп жазған.
Амангелді Батырбековті 2015 жылы күзде Сарыағаш аудандық соты Қылмыстық кодекстің 130-бабының («Жала жабу») 3-бөлігі бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айырған.​ Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымданған соң іс қайта қаралып, ақталған. Арызданушы Сайрам ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаров осы іс бойынша қайта шағымданғаннан кейін бір жыл алты айға бас бостандығы шектеліп, рақымшылық туралы заңға сәйкес 2017 жылы бостандыққа шыққан.
Амангелді Батырбековтің ісіне назар аударған сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» халықаралық қоры қазанның оны күні «сөз еркіндігінің тұтқыны» деп атаған.

Дереккөз:zhasalash.kz