Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері Президенттен араша сұрады

865
Олар жемқорлықпен айыпталған Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевке араша түсуде.
Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің ісі қоғамда дүмпу туғызды. Жемқорлықпен айыпталған экс-шенеунікті қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары қолдап, Президентке Үндеу жолдады.
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біздің қолымызға қалам алдырған жайт – Түркістан облысының тумасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің басына үйірілген бұлт.
Ұзақ жылдар бойы қызметтес, әріптес бола жүріп біз танып-білген Ислам Әлмаханұлы 63 жасқа дейінгі бар саналы ғұмырын елінің өркендеуіне арнаған азамат. Ол жас кезінде аудан жастарының жалынды жетекшісі бола білді. Кеңшар директоры болып істеген шағында шаруашылықты алдыңғы қатарға шығарды. Заман талабына сай кәсіпкерлікпен де айналысып, өндіріс ошақтарын іске қосты, бірнеше ауданның электр қуатымен, жарықпен тұрақты түрде қамтамасыз етілуін жолға қойды. Ордабасы ауданының әкімі болып істеген үш жылда «несие серіктестігін» енгізу секілді жаңашылдығымен көзге түсті. Аудан тұрғындары оның еңбегіне бірауыздан «оған дейін де, одан кейін де бізде Әбішевтей әкім болған емес» деген пікірмен жоғары баға берді. Бұдан соң еліміздегі ең ірі күнгейлік өлкеде он жыл облыс әкімінің бірінші орынбасары болып, бес басшымен тізе қосып істеген уақытта соңынан ешқандай жаман сөз ертпеді, әрқашан қарапайымдылығымен ерекшеленді. 2008 жылғы Сарыағаш ауданындағы су тасқынынан соң ел ішінде «іскер ғана емес, халықтың қамқор қызметшісі» атанды. Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған екі жылда И.Әбішев қаланың «құрметті азаматы» атанды. Мынадай бейресми факт – астанаға ауысқан әкімді әуежайдан шығарып салуға бірімен-бірі хабарласқан қарапайым халықтың алты жүзге жуық өкілінің келуі оның шынайы абыройының деңгейін аңғартса керек.
Су ресурстары комитетінің төрағасы ретінде көрші елдермен арадағы ағын су мәселесінің шешілуіне, тасқыннын алдын алатын әрі резерв рөлін атқаратын Көксарай су реттегішінің салынуына И.Әбішев үлкен үлес қосты. Ол 2013 жылы 300 млрд.теңгенің артық жобаланғанын дәлелдеп, бос шығынға жол берген жоқ еді. Содан соң қызметінен босатылды, тергеу орындары қызмет кезеңін тегіс тексергенмен тағар кінә табылмады. Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болып, бұрынғы орнына қайта отырды. 2018 жылы Су ресурстары комитеті 1,0 трлн.теңгеге жуық шығынның алдын алды. Құрметті Президент мырза! Халық сізді заңдылықтың кепілі деп біледі. Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейтіндіктен, И.Әбішевтің те жаңылыс басқан қадамы болуы сөзсіз, бірақ, ол қылмысқа барды дегенге сенбейміз. Адал азаматты кезінде Елбасы өзінің қамқорлығына алып, араша түскен болса, елдің ағалары ретінде біз бұл жолы еліміздің Президенті Сіздің де әділеттіліктің үстемдік құруына көмектесуіңізді сұранамыз.
ҚР Парламентінің депутаттары:
О.Рахманбердиев, ҚР Парламенті Сенатының екі шақырылымдағы депутаты, Түркістан облысының құрметті азаматы, ІІІ-дәрежелі «Барыс», «Парасат» орденінің иегері;
Ш.Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің екі шақырылымдағы депутаты, Түркістан облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері; Ә.Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
Қ.Ержан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; Ф.Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; Ә.Құртаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
Н.Бекназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; С.Қаныбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты;
Б.Жылқышиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; У.Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары:
Қ.Балабиев, Д.Әбіш, Д.Ахметов, Р.Оспанәлиева, А.Көмекбаев, Ә.Қайыпбеков, Қ.Әбдіхалық, Т.Баймаханов, Ж.Ж.Шәріпбек, М.Мейірманов, О.Аяшев, Ә.Исабаев, Қ.Абасов, С.Ибадуллаев, Ш.Қаныбеков, С.Күнтуаров, Ү.Жүсіпбаев, З.Чалданов, С.Бекенов, М.Төлтебаев, М.Тұрысбеков, Л.Ташимов.
Дереккөз:kaz.zakon.kz