Тәуелсіздік күні бар, бірақ әлі мереке жоқ!

1495
Менің көріп жүрген елдерім көбіне христиан дінін ұстанатын мемлекеттер. Олар жаңа жылды емес, көбіне Рождествоны, ағылшынша айтсақ. Кристмасты күтеді. Католиктер мен протестанттардың Кристмасы 25 желтоқсанда келеді. Ресми жыл санаумен қатарлас. Христостың туған күні жыл басы болған соң, олардың тойлауы орынды.
Ал бізге келсек, мемлекет үшін мерекенің маңызы жоғары. Жалпы, мереке — халықты біріктіретін фактор. Ал енді қай мереке деген сұраққа келсек, бұл жағы идеологиялық сұрақ. Мемлекет қай құндылыққа басымдық береді, сол мереке кең көлемде аталып өтеді.
Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Қазақстандағы ең ұлық мереке — Тәуелсіздік күні. Бірақ бұл күннің алдына неге Жаңа жыл түсіп кетіп жүр? Оған бірнеше себеп бар.
Біріншіден, өкімет әлі де болса бұл мерекеге күш сала алмай отыр.
Екіншіден, халықтың қалауын да ескеру керек. «Ана мерекені көбірек атап өт, мынаған мән берме» деп ешкімге нұсқау бере алмайсыз. Тәуелсіздік күнін халық асыға күту үшін бір мерекелік нышандар керек. Балалар жаңа жылды неге күтеді? Сыйлық алады.
Үшіншіден, тарихи астар. Жаңа жыл мерекесін атап өте бастағанымызға ғасырдан асқан болар. Әр отбасында дәстүр қалыптасып үлгерді. «С легким паром» сияқты кинолар арқылы, яғни мәдениет пен өнер арқылы қазақ қоғамына орнықты. Ал тәуелсіздік мерекесін атап өтіп жатқанымызға қанша уақыт болды? Тәуелсіздікті мерекелеудің қандай дәстүрін қалыптастырдық? Айталық, жаңа жылда шырша тігіп, оливье жейміз, наурызда киіз үй тігіп, наурыз көже ішеміз. Ал тәуелсіздік күнінде не істейміз? Өзіңіз айтыңызшы. Сондықтан тәуелсіздікті мерекелеудің адамның бес түйсігіне әсер ететін нышандарын қалыптастыру үшін біраз елдің тәжірибесін зерттеп, тұжырымдамасын жасауымыз керек. Әлі санамызға орнықпаған мерекені «шыршаны тәуелсіздік мерекесінен кейін қойыңдар» деген сыңайлы күлкілі көрінетін күштеу арқылы жүректерге жол тапқызу орынсыз.
Төртіншіден, психологиялық жағдай. Адам үмітпен өмір сүреді. Үміт дегеніміз не? Бұл — болашақ. Яғни жаңа жылды атап өту арқылы халық болашақтан үміт күтеді. Келер жылға тілек айтамыз. Жаңа жылды Тәуелсіздік күнімен салыстыру арқылы соңғысының тұғырын көтере алмаймыз. Әр мерекенің халыққа берер ерекше эмоциясы бар. Жаңа жыл — қалыптасқан мереке. Онымен бәсеклесіп қажеті жоқ. Одан да Тәуелсіздік күнін адамдарға қажет басқа эмоция сыйлайтын мерекеге айналдыруды ойластырғанымыз жөн.
Бесіншіден, маркетингтің маңызын атап өткен жөн. Кез келген мереке идеология ғана емес, маркетинг, бизнеске серпін беретін күн. Міне, осы бес себептің басын тоғыстыра алсақ қана Тәуелсіздік күні мереке ретінде қоғамнан өз орнын табады.
Шыңғыс Мұқанның әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz