Таяуда «Ақмаржан» хитінің орындаушысы Заттыбектің ұлды болғаны жайлы жағымды жаңалық ғаламторда жарияланған болатын. Жұлдызды жанұяны құттықтау мақсатында Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Көпбосынұлына хабарласып, жас ана мен сәбидің қал-жағдайын және әншінің көңіл-күйін білген еді.
«Ұлды болған әкенің көңіл күйі керемет. Алланың сыйы ғой. Елдің пиғылы деп білемін, Құдайға шүкір. Бұл әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес қазіргі сәтте. Өте қатты қуаныштымын», – дейді Заттыбек Көпбосынұлы.
Дүниеге келген ұл бала – Заттыбектің екінші перзенті. Ал әншінің тұңғышы Айзере алты жаста екен. Бүгінде інілі болған кішкентай қыздың қуанышында шек жоқ.
«Елдің бәрінен бұрын сол үйдегі кішкентай періштемнің Алла тілегін қабыл еткен шығар. Қызым ерекше қуанып жүр. Әлі перзентханадан шыққан жоқ. Сағына күтіп жүр», – дейді Заттыбек.
Бауырына ат қойған да Айзеренің өзі. Он алты жыл бойы ізбасарын күткен Заттыбек қызының ұсынысынан бас тарта алмапты.
«Есімін Бихан деп атағалы отырмыз. Қазақтың «би» деген сөзіне, «хан» дегенді сөзді қостық. Бұл қызымның таңдауы. Сол есімге тоқтадық. Қайдан естігенін білмеймін, әйтеуір сол есімді қызым көптен бері айтып, ұнатып жүрген еді. Өзі ұсыныс айтты. Біз де сол есімді қоюға қарсы болмадық», – дейді әнші.
Айта кетейік, әнші осы жылдың наурыз айында көпшіліктің басын қосып, көкпар ойнатқан еді. Ниеті ұлды болу! Бірақ ол кезде әйелінің жүктілігінен бейхабар болған.
«Көктемде көкпар бердім. Бірақ ол кезде нақты мұндай жаңалықтың болатынын білген жоқпыз. Бірақ Алладан сұрап, ырымдап ниет еткен едім. Тілегім қабыл болды», – дейді Көпбосынұлы.
Көпбосынұлы тіл-көзден қорқатынын айтады. Сондықтан болар, сәбидің салмағы мен бойын құпия сақтауды жөн көреді. Алайда, сүйінші хабарды халыққа жеткізіп, қуанышымен құттықтаған барша өнерпаздар қауымына алғысының шексіз екенін жеткізді.
«Мен барлық әріптестеріме, аға-бауырларыма, әпке-қарындастарыма, жалпы өнерден тыс әлеуметтік желі арқылы құттықтап жатқан барша жанашыларыма шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Егер сіздер жеткізіп жатсаңыздар. Бәріне бірдей жауап жазып, жеке-жеке әлеуметтік желі арқылы жауап жазу жақсы. Бірақ уақытымның тығыздығына байланысты қолым тимей жатыр. кеше біраз құттықтауларды оқып шықтып, біразын әлі оқып үлгермей жатырмын. Менің қуанышымды елге сүйіншілетіп жеткізіп жатқандары үшін, барлығына рахмет айтамын», – дейді Заттыбек.
Естеріңізге сала кетсек, Заттыбек пен жұбайы тұңғышын он жыл бойы күткен еді. Қазір алты жастан асқан Айзере бірінші сыныптың оқушысы.
Stan.kz