Тоқаев коронавирус жұқтырған Назарбаев туралы жазба жариялады

1435
Мемлекет басшысы Елбасының рухы мықты адам екенін атап өтті, сондықтан бұл індеттен тезірек сауығатынына сенетінін айтты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирустан тезірек сауығып кетуді тіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Өкінішке қарай, коронавирус біздің тұңғыш президентіміз, Елбасыны да айналып өтпеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Ол рухы мықты адам. Оның бүкіл өмірі күреске толы, сондықтан ол бұл сынақты да жеңіл еңсереді деп сенемін», — деп жазды Тоқаев Twitter-де.
18 маусымда Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Осыған байланысты Елбасы өзін оқшаулаған, қазір қашықтан жұмыс істеп жатыр.
Елбасының баспасөз қызметі Назарбаевтың денсаулығына алаңдауға еш негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Бұған дейін бірнеше депутат пен шенеуніктен коронавирус табылды. Олардың арасында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, депутат Бекболат Тілеухан, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Теміртау әкімі Ғалым Әшімов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов және Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров бар.
Үкімет мүшесінен вирус табылғаннан кейін, премьер-министр Асқар Маминнен бастап, барлық дерлік министр өзін оқшаулады. Қазір олар қашықтан жұмыс істеп жатыр.
Елде эпидемиологиялық ахуал ушығуына байланысты үкімет алдағы демалыс күндері – 20-21 маусымда бірнеше қалада карантинді күшейтті.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларында сауда орталықтары мен базарлар жабылады, қоғамдық көліктің жұмысы шектеледі, саябақтарға баруға тыйым салынады. Сонымен қатар 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуы шектелді.
Бұдан бөлек, танымал курорттар уақытша жабылады.