ӘЙЕЛ ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ӘЛІМЖЕТТІК

7355
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
«Үй болғаннан соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Бұл – қазақы психология. Маскүнем күйеуінен оңбай таяқ жеген келіншек «ел-жұртқа масқара болмайын» деп қазақы ұяңдыққа салып, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қағидасына сүйеніп, мәселені жылы жауып қоя салуға бейім. Неге? Өйткені, көрші-қолаңға масқара болғанша, үйдегі бықсықты сыртқа шығармау керек. Алыстағы әке мен шеше де көзі көгеріп келген қызына оң қабақ таныта қоймайды. Әрі кеткенде күйеу баланы кінәлар.
– Тіліңді тарта сөйлесең, мұндай жағдайға душар болмас едің ғой. Бәленің бір ұшы өзіңде, — деп бақанын асынып, қызуы тасынып шыға келетін шешейлер де кездеседі.
Мұның соңы енді дауға айналады. Сосын күйеу бала жауға айналады. Дұрысы – «құлақтың тыныштығы керек».
Есті келіншектер күйеуінің қол көтергенін қалыпты жағдай деп есептейді. Себебі, ескіден келе жатқан тәмсіл бойынша «Әйелдің бір иығында шайтан отырады. Оны күнара сабап, қуып отырмаса әйел долыға айналады». Ауылдық жерде қазақы тәрбие көрген келіндер осыған имандай сенеді. Болмашы ұрыс-керістен шаңырағының шайқалғанын қаламайды. Сөз жоқ, қалған көңіл – шыққан жан. Отбасы берекесін бір кетіріп алған жан оны қайта қалпына келтіре алмайды. Шаң-шұң ұрыс үдей түседі. Мұның соңы ажырасуға әкеліп тірейді. Жастай жесір қалу ешкімге абырой әпермейді. Ана тәрбиесін алған қыздар отбасын сақтап қалады. Ал, әзәзілдердің тіліне ергендердің ертеңі бұлыңғыр.
Десек те, Түркістан облысындағы «Сана-сезім» әйелдер бастамалары орталығы басшысының орынбасары Шахноза Хасанованың мәлімдеуінше, оларға көмек сұрап келетін әйелдер әжептеуір. Орталық оларға үш бағытта жәрдем береді екен. Біріншісіне – психологиялық. Екіншісіне – құқықтық. Үшіншісі – материалдық көмек. Жұбайларынан жәбір көрген келіншектер
балаларының тағдырына көбірек алаңдайды. Отбасындағы берекесіздік, күн сайын қайталанатын дау-дамай, ұрыс-керіс балалардың да психологиясына кері әсер етеді. Осыны білетін әйелдер өзі болмаса да балалары үшін күреседі. Орталық осындайда олардың тығырықтан шығу жолдарын қарастырады. Ең басты құндылық – отбасын сақтап қалу. Сол үшін де психологтар мен дәрігерлер әйелге барынша қолдау білдіреді. Егер білместікпен аяғын шалыс басқан жағдайда алдағы өмірінде мұны қайталамау керектігін ескертеді. «Сана-сезім» әйелдер бастамалары орталығына келіп жүгінетін жәбірленуші келіншектер көп ретте отбасын сақтап қалады екен.
Жастықтың желігімен жүріп аяғын қия басып алатын қыздар да көп жағдайда тығырыққа тіреледі. Секектеп жүріп құрсағына шарана бітіп қалғанын өзі де сезбейді. Ал, уақыт өте келе іші біліне бастағанда «Аспандағы айды әперемін» деп жүрген сүйгені асау аттай жалт береді. Қыз байғұс шырылдап жігіттің соңынан жүгіреді, жалынады. Ал, жүрегінің жартысына балаған жігітсымағы жылы сөзін айтудың орнына қарасын да көрсетпейді. Енді қыз тұңғиыққа терең батады. Әке-шешесіне барайын десе жүзі шыдамайды, дәті бармайды. Егер ол студент болса, құрбылары шошына қарайды. Міне, сонда ол барар жер, басар тау таппай дағдарады. Қазір балалықпен аяғын шалыс басқан бойжеткендерге көмек қолын созатын орталықтар бар. Солардың бірі – «Жас аналар» дағдарыс орталығы. Мұнда жас аналарға жап-жақсы көмек көрсетіледі. Психологтар мен дәрігерлер кеңесінен өтеді. Есесіне жас аналар шақалақтарын шырылдатып далаға тастап кетпейді. Қазақта «аузы күйген үрлеп ішеді» деген бар. Бір рет аяғын жаза басқан бойжеткен екінші рет қателеспеуге тырысады. Әрине, оның екінші шырағы жанып жатса қолдау, қуану керек.
«Бөріктінің намысы бір» дегенімізбен, базбір желөкпе, өмірді жеңіл түсінетін жігіттерге айтар базынамыз да бар. Біреудің қаршадай қызын қорлап, жылатып кеткеннен шыққан мүйізің қане? Бойжеткеннің наласы, көз жасы сені алысқа жібере қояды ма? Әрі-беріден соң қарындасыңның тағдырын ойлап көрші. Өзің сияқты бір өктемшіл оны алдап кетсе не етер едің? Сондықтан бөріктілер қыз сеніміне адал болуы керек дер едік.
Әпербақан, ұр да жық, өз дегені болмаса қайтпайтын қырсық мінезді жігіттердің де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әйелі қит етсе болды жуан жұдырығын ала жүгіретіндер де жеткілікті. Ерлердің ең осал тұсы – ішімдік. Аузына арақ тисе отбасына қырғидай тиетіндерді де көріп жүрміз. Оларға айттың не, айтпадың не, өз дегенінен қайтпайды. Жүрегінде сәуле жоқ мұндайлардан дауасы «құтырғаннан құтылған» дегендей алыс жүру керек. Міне, осындай тұста әйелдерге ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңнамасы көмекке келеді. Аталмыш заңнаманың 8,9-баптарында әйелдер мен жасөспірімдерге қатысты бірқатар мәселелер де қарастырылған.
Жалпы, статистикаға жүгінсек, зорлық пен қорлықты көп көретін әйелдер мен жасөспірімдер екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін республикалық статистика мәліметіне жүгініп көрелік. Былтыр 200-ге жуық әйел, 30-ға тарта жасөспірім қыз айуандықпен өлтіріліпті. 220 әйел, 50-ге жуық жасөспірім ауыр жарақат алған. 2500 әйел мен кәмелет жасқа толмаған 170 қыз зорланған. Елімізде педофилдерге қарсы қатаң заң қажет. Сенат депутаттары палатаның 2016 жылғы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының балалар құқығын қорғау жөніндегі бірқатар заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңды мақұлдады. Құжат негізінде Қылмыстық кодекс, Қылмыстық – процессуалдық кодекс, Әкімшілік заң бұзушылық кодексі мен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау кодексіне «Кәмелетке толмағандарды зорлағандарға қарсы жазаны күшейту», «Педофильдерге мәжбүри химиялық кастрация жасау» жөнінде өзгерістер енгізілді. Егер осыдан соң тым құрығанда бір баланы қорғап қала алсақ-ау. Сенатор Бірғаным Әйтімованың айтуынша «Химиялық кастрация – бір реттік инъекция түріндегі уақытша шара. Сондықтан кастрацияны түбегейлі ету жағын ойластырған жөн сияқты. Қаршадай қызды алдап оңашаға шақырып, білгендерін істейтіндерге ауыр жаза қолдану керек-ақ. Сонда ғана педофильдерден арыламыз.
Көріп отырсыз, қазір қоғамдағы қорғансыздар – нәзікжандылар мен жасөспірімдер екен. Ендеше, оларға сіз болып, біз болып көмек көрсетіп, жауқазындай майысқан жаһұттарымызға пана болуымыз керек. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ал, балалар – болашағымыз. Адами тұрғыдан алып қарағанда да адам өз болашағына балта шаппауы керек қой. Осы тұрғыда айбалталы айуандарға ортамызда орын болмауы тиіс.
Келген ойдың санама ізгі бәрі,
Көкірегімді өкініш сызғылады.
Мен өзім-ақ айтар ем бар сырымды,
Жібермейді бірақ бұл қыздың ары, –
деп ақын Ақмарал Леубаева жырлағандай, өз ар-ұяты, намысы, отбасының тұтастығы үшін барлық сырын ақтаруға қыздың ары жібермейді.
Барлық құпиясын құндақтап, жүрек түкпірінде ұстайтын көркемдеріміздің шыдам шідерін үзіп алмайық, бөріктім. Жылы қабағың мен ыстық махаббатыңды арнағанда ғана құшағын саған ашады көріктің. Әйел жаны өте нәзік. Оны бір өкпелетсең морт сынады. Қисық қабырғадан жаратылған қимастарымызды қадірлей білейік. Өйткені, олар жер бетіне өмір ұрығын себеді.