18 жастағы аспаз сушиді қазы, балықты қойдың майын қосып әзірлейді (ВИДЕО)

1015

Ал ауылдың «супер келіні» аспаздық өнерімен айына миллион теңге табыс тауып отыр.

Айына 500 мың теңге табатын 18 жастағы аспаз бен ауылда отырып миллион табатын супер келін! Екеуі де әлемнің тіл үйірер дәмді тағамдарын меңгерген отандастарымыз! Армандары да бір — Еуропаның «Мишлен» жұлдызын иемдену, деп хабарлады paryz.kz, «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

«Қазақтың Рататуйі» атанған ең жас аспазының есімі — Рамазан. Ол — Түркістан қаласының тумасы. 12 жасынан бастап асханаға қызығушылығы оянып, анасымен бірге тәтті тағамдар дайындай бастаған. Үйінің кенжесі оқуға түсе алмаса да, болашақта әлемге әйгілі аспаз болатынына сенімді.

«Бірінші жасаған тамағым тауық еті мен жұмыртқа болды. 15 жасымда 240 мың айлыққа аспаз болып жұмыс істедім. Көптеген ас мәзірін үйрендім. Араб, кавказ, грузин, шығыс тағамдарын пісіріп, оны қазақ тағамдарымен қосып, 17 жасымда үлкен ресторанның бас аспазы болдым», — дейді Рамазан Ахмет.

Қазір өзі шәкірт тәрбиелеуде. Ең үлкені — 40 жаста. Қазақтың Рататуйі мыңнан астам дәмді тағамды дайындай алады. Тіпті, өзінің авторлық қоспаларын ойлап тапқан.

«Үш жылдың ішінде тамақтың 600-ден астам түрін үйрендім. Қалғаны адамның фантазиясына байланысты. Сол үшін мені «Рататуй» деп атап кетті. Жапондық кухняда сушиға қазы қосып, ешкім жеп көрмеген тағам жасап шығардым. Семгадан манты жасадым. Оның қамырын уылдырықтан, ал ішіндегі начинкасын семгадан жасап, қойдың майын қостым», — дейді жас аспаз.

Ал Гүлбану Әділбекқызы — ауылдың «супер келіні». «Бармағынан бал тамған» ол 14 жасында бас аспаздың көмекшісі болған. Бірнеше жыл қатарынан шетелдің ең танымал астарын үйреніп, қазір ауыл келіндеріне дастарханды безендіруді үйретуде.

«Жалпы, карантин бәрімізге қиын болды ғой. Отбасымызды қалай асыраймыз дегендей. Мен 15 жыл қатарынан асханада жүрмін. «Супер келін» болуға талпынбадым. Бірақ бәрі солай атап кетті. Үйдегі балаларды да тәрбилеп, ауылдағы туған-туыстардың дастарханын безендіріп, бизнесті бірге ұстау оңай емес. Бірақ келін болған соң, бәрін үлгеруге тиіссің», — дейді Гүлбану Әділбекқызы.

Карантинде қол қусырып отырмай, шәкірттерімен онлайн байланысқа шығып, білгенін бөліскен. Қазір шамамен 20-ға жуық шәкірті бар екен. Солардан айына миллион теңге табыс табады.

Қазалылық аспаздың сөзінше, тұтынушылар көбіне Еуропа елдері мен Жапонияның тағамдарына тапсырыс беруге тырысады екен. Қазір қызыл балық, суши, түрлі шөп-шаламнан дайындалған салат түрлеріне сұраныс көп көрінеді.