Жасырын кредит: Қытай кедей елдерге құлдық қамытын қалай кигізіп жатыр?

955

Бүкіләлемдік банк кедей елдерге беріп жатқан Қытайдың жасырын кредиттеріне қатысты қатты алаңдаушылық білдіріп отыр. Сарапшыларының сөзінің нобайына қарағанда, Қытай кредиттері кедей елдердің мойнына құлдық қамытын кигізуден басқа ештеңе де емес. Қазақстандық сарапшылар да жасырын кредиттердің дамушы елдерді жарға жығатынын ашық айтып отыр.

Бүкіләлемдік банктің мәліметіне қарағанда, Қытай дамушы елдерге оңды-солды қарыз беріп келеді. Бірқатар елдердің үкіметтері алған қаражатын қайтара алмай, дефолт қаупі алдында тұр. Кейбірі жансауға айтып, қарызды қайта құрылымдауға шақырып жатыр. Қытай кредиттерінің негізгі ерекшелігі – мемлекеттік банктің есебінен беріліп, қарыз алушыларға мұны құпия сақтауды талап етеді. Бар гәп  осы құпиялылықта болып тұр.

Соңғы 20 жылда Қытай дамушы елдерге ірі көлемде қарыз беру жағынан көш бастап тұр. Мемлекеттік банктері – Export-Import Bank of China және China Development Bankтің аты ерекше аталады. Сыртқа берілген қарыздардың 75%-ы осы екі банкке тиесілі көрінеді.

Экономист Айдар Әлібаев Nege.kz-rе жасырын кредиттердің қоясын ақтарып берді.

Айдар ӘлібаевТізімде Қазақстан да жүр!

2-4
ratel.kz

– Менің білуімше, «жасырын» кредиттерді тек қана Қытай береді. Қытай жасырын кредиттерді өмір сүру деңгейі бойынша кедей, бірақ ресурстарға бай мемлекеттерге беруге ұмтылады. Бұрынғы КСРО-ның елдері түгелдей дерлік осындай елдердің санатына жатады. Әсіресе, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан. Жасырын кредиттердің басты факторы ­– елдегі сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі. Әдейі осындай елдерді таңдайды. Нәтижесінде не болады?

Кредит туралы қосымшадағы міндеттемелер өте қатаң. Ол жерде «бұл кредит жайында ешқайда жарияланбауы тиіс» деп көрсетіледі. Кредит талаптары да, мөлшерлемелері де жабық болу керек. Кейде мынадай баптары да болуы ықтимал: «Егер кредитті өтеуде қиындықтар пайда болса, оны тек қана екі тарап қана шешеді».

Бұл ­– «Қытай мен кредит алушы ел өзара шешеді, ешқандай халықаралық соттар қатыспайды» деген сөз. Яғни, сотқа шағымдануға тыйым салынған. Осындай талаптар келісім-шартқа да енгізілуі мүмкін.

Жемқорлық жайлаған елдерде әдетте кредит шартын жасасқанда олар мемлекеттің не мемлекеттік компанияның басындағы адамдарға пара береді. Ауыздарына құм құйылып, мыңқ демесі үшін.

2-5
elbasy.kz

Бұл Қытайға не үшін керек? Олар бұл елдің кредитті қайтарып бере алмайтынын жақсы біледі. Өйткені, оларды кредитті төлей алатын елдер қызықтырмайды. Діттегені сізге көмектесу, еліңіздің дамуына үлес қосу емес, бұл кредиттердің басты мақсаты – сізді қарызға белшеден батыру. Сондықтан келісім-шарттарда «кредитті төлей алмасаң, онда кеніштермен, жермен немесе ірі нысандармен өтеуге болады» деп көрсетілуі мүмкін. Яғни, мұнайдан түскен табысыңмен бөлісесің.

Біз мұндай мысалдарды көп білеміз. Мысалы, Шри-Ланка қарызының өтемі ретінде Қытайға ең ірі портын берді. Лаос пен Қытай бірлесіп жол салып, ақырында Қытайға өте қомақты қаражат қарыз болып шықты. Белшеден қарызға батқан Тәжікстан жерінің бір бөлігін беруге мәжбүр болды. Таяуда Қырғызстан Қытайдан алған қарыздарын қайта құрылымдауға, талаптарын жеңілдетуге өтініш білдірді. Бейжің ешқандай шегініс жасауға көнген жоқ.

2-6
ғаламтордан алынды

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның да жағдайы мәз емес. Бір америкалық компания қытайлық кредиттерді зерттеп, Қытайдың түрлі елдерге кемінде 70-80 млрд доллар көлемінде жасырын кредит бергенін анықтаған. Бұл елдердің тізімінде Қазақстанда да жүр. Ол зерттеуде Қазақстанның ресми түрде алған қарызынан бөлек, жалпы қарызының 16 пайызы еш жерде көрсетілмегені айтылады. Демек, бұл қарыз елдің ресми теңгерімінде жоқ. Демек, қағаз да болмаса да, мойнымызда қарыз бар.

Мәселен, еліміздегі жеңіл рельсті транспорт құрылысы бұған жақсы мысал бола алады. Оны салуға бастапқыда 1,5 млрд қарыз алды. Бұл ақшаға астанада қаңтарылып тұрған тіреулерді салды. Қытай жағы LRT салына ма, жоқ па деп басын ауыртпайды. Бастысы – Қазақстанды қарызға батырып, мойнына ілу.

Астана әкімі осы құрылысты қайта қолға алу жайында жиі сөз қозғай бастады. Меніңше, Қытай «тағы да қарыз алыңдар» деп қыстап жатқан секілді. Бұл ­– факт емес, тұспалым.

2-7
Фото: the-village-kz.com

Себебі, Қазақстан секілді сыбайлас жемқорлыққа батқан, демократиялық емес мемлекеттер – Қытай үшін қарызға батыруға таптырмайтын елдер. Қызыл айдаһардың саясаты осындай. Бұл жағдай барлық әлемнің барлық құрлығында болып жатыр. Африкада да, Азияда да, тіпті Еуропада да. Мәселен, Қытайдың қарызына белшеден батқан Черногория бұған классикалық мысал бола алады.

Осындай құралдармен, жасырын кредит тәсілдерімен Қытай кедей елдердің жерін, инфрақұрылымдық нысандарды – әуежайларды, порттарды, теміржолдарды басып алу, қарыздың өтемі ретінде кеніштерді, бағалы ресурстарын алу арқылы неоколониалды саясат жүргізіп жатыр.

nege.kz