Амангелді Шабдарбаев: Алтынбек пен Заманбекті өлтіруге тапсырма берілген…

1337

Амангелді Шабдарбаев елді дүр сілкіндірген қылмыстық оқиғалар кезінде, яғни 2006-2009 жылдары ҰҚК-де төраға болды. Оған Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандық пен Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өліміне қатысты қылмыс та, тергеу материалдары да таныс.

Nege тілшісі Амангелді Смағұлұлына телефон соғып, сұхбат беруін сұраған. Әуелгіде екеуара әңгімені ақпарат үшін айтып отырмын деген ол: «Адамдардың бәрін өзімдей көремін. Бірақ қазір біреуге сену қиын. Кейде ашылып кететінім бар», – деді де, сұхбат беруге келісіп, кейбір нәрселерге қатысты ойын ашық айтты.

– Амангелді Смағұлұлы, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің қазасына қатысты көп жайтты білетініңізді бүкпейсіз. Осы атышулы екі қылмыстың құпиясы қашан толық ашылады?

– Мен қазір билікте емеспін ғой. Оны қазір айтсам, тек болжам ретінде айта аламын. Ал бірақ «нақты осылай болды, осы істеді» деп айтсам, мені сотқа беруі мүмкін.

Мені Алтынбек өлтірілген соң 5-6 күннен кейін ҰҚК-ге төраға етіп тағайындады. Бірақ осы істі аяғына дейін жеткіздім деп ойлаймын. Мысалы, Алтынбектің өлімі туралы Рахат Әлиев кезінде кітабында жазды. Одан кейін Әлнұр Мұсаев та қаншама сұхбат берді. Осылай әрқайсысы айтып-айтып келеді де, соңына таман өз ыңғайына қарай бұрып жібереді. Бірақ барлығының сөзінде шындық бар.

А.Сәрсенбайұлын өлтірген адам белгілі. Қылмыскер Торғайдағы түрмеде жатқанда оған барып, 2-3 сағат сөйлестім. Сұрақ қойдым, жауап алдым. Оның бәрі жазылған. Бұл менде болды. Сонымен, бәрін жазып, тексеріп жүргенде Назарбаев: «Тоқтат!», – деп, бұл істі белсенді түрде тергеп-тексергенімді қаламағанын білдірді.

Содан жазылған таспаның бәрі бізде қалды. Мен қызметтен кеттім. Менен кейін маған көмектескен әріптестерім болды. Орынбасарым болған Әділ Шаяхметов 8 ай істеді. Одан кейін Нұртай Әбіқаев келіп, 5 жылдай отырды. Ол біздің материалдарды алып, Рахат Әлиевті кінәлі етіп шығарды.

Өмірде ештеңеден қорыққан емеспін. Саған біраз нәрсені ашылып айтып жатырмын. Енді бұл сөз артымнан қалмайды. Алтынбектің туыстары келетін болса, журналистермен бірге әңгімелесіп отырып, қай жері дұрыс, қай жері бұрыс екенін ашып бере аламын. Бәріне жауап беретін уақыт келді, айтамын.

Бір жағынан Рахаттың да кінәсі бар. Оның банктің екі қызметкерін өлтіргені рас. Бұл істі де ашуды мен бастадым. Бұл туралы екі жыл бұрын ҰҚК-нің департаментіне берген сұхбатымда ресми түрде айтқанмын. Олар мұны шығармады.

 Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты көп нәрсе жұмбақ күйде қалды ғой…

– Оны өлтіргендер осы сәтті пайдаланды. Бірінші нұсқа – Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев. Екінші нұсқа – Мұсаевтың айтуы бойынша, Назарбаев телефонмен сөйлескен кезде  жай ғана: «Айт оған, қойсын! Қоймаса, өлтіремін деп қорқыт», – деген-мыс. Бірақ екеуінің арасында әңгіме болған. Оны бақылап отырған үшінші адамдар болды.

Кейін ҰҚК-ге келген кезде өзімнің есім шықты ғой. Мұсаев пен Әлиев не болып жатқанның бәрін жазып отырған екен. Бәрі соларға жұмыс істеген. Олар сыртта жүрсе де, кім не істеп жүргенін біліп отырған. Оларда билікке келем деген ой болды. Содан кейін Назарбаевқа Ельцинге жасағандай істейін деді. Ол туралы кітабымда жаздым.

Олар оны бірден өлтірейін деген жоқ, жанына жақындап, дәрісін тамшылатып отырып, есінен тандырып, әбден денсаулығы біткен кезде билікті өз еркімен береді деп ойлады.

Бұл екеуі жағдайды бақылап отырып, ұрымтал сәтте сырттан тапсырма беріп жіберді ме деп ойлаймын. Яғни, Ибрагимовке тапсырманы шынымен де Әлиев пен Мұсаев беруі мүмкін. Себебі, «Арыстанның» жігіттеріне олардың телефондарын әдейі берген. Олар телефон арқылы ұсталды. Өзім сол кезде «Арыстанның» жігіттерін құтқарайын-ақ деп оқталып едім. «Бұлардың кінәсі жоқ. Оларға тапсырма берді, бұлар орындады», – дедім.

Шынымды айтсам, әрі қарай мүмкіндік болмай кетті. Назарбаев маған «Рахатқа неге тиісіп жатырсың?» дегендей сыңай танытып, жіті тексеруге рұқсат етпеді. «Сәрсенбаевты билік өлтірді» деп сол кезде бүкіл қоғам дүрлікті. Егер «Арыстандағылар» шын маман, нағыз офицер болса, сол кезде өздері келіп: «Бұйрық бойынша ұстадық, мыналардың қолына тапсырдық», – деп айтуы керек еді. Бірақ олар оны айтпады, мойындамады да, көмектеспеді де.

 Қалай болғанда да шындық ашылуы керек қой…

– Шындық ашылып жатыр. Түпкі шындыққа жете алмайтын себебі, бәрі қазір «Назарбаев тапсырма берді, сол өлтірткізді» дейді. Ол: «Аузын жаптырыңдар!» деп, іштей ызамен айтуып, бірақ мұны тапсырма деп түсінгендер өлтіріп тастауы мүмкін.

Егер билікте болсам, шындықты айтқызып, тапқызып, дәлеліне дейін көрсетіп берер едім. Бірақ қазір менің қолымда билік жоқ, құры айтқаным дұрыс болмайды. Сосын мұндайды мойныма алғым да келмейді. Мұны біреулер пайдаланып кетуі мүмкін.

 Жаңа Қазақстанда ескі Қазақстандағы былықтардың бірсыпырасы жайлап қайта қозғала бастады. Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты істі қайта қарайтын сәт туған жоқ па?

– «Қозғауға болмайды, уақыт өтіп кетті» деп айтуға да болмайды. Заманбек өзін-өзі өлтірген жоқ. Оны өлтіруге тапсырма берілді. Өлтірілді деп айтуға болады. Өлген адам өлді. Енді қазір тіріліп келмейді. «Өлтір деп кім тапсырма берді?» деген сауалға «билік» деп айтуға болады. Яғни, бір ғана адам емес.

Қазір шындыққа ешкім жете алмайтын себебі, бәрі «Назарбаев кінәлі» дегісі келіп отыр. Бәлкім, Назарбаев ашумен: «Үнін өшіріңдер!», – деуі мүмкін.

Ал тапсырма алған адам «үлкен кісі айтты ғой» деп асыра сілтеп, өлтіруге тапсырма беріп жіберген шығар. Мұны орындаған үшінші, төртінші адам дәл осылай шектен тыс асырып жіберген болуы мүмкін. Енді қазір Назарбаев «өлтір деп айтқам жоқ» деп те, «мен ашумен тапсырма бердім» деп те ақтала алмайды.Бұл істің түбіне жету қиын. Бірақ бір шындық бар: Заманбек өзін-өзі атқан жоқ, оны өлтірді.

– Сол тұста Мақпал Жүнісова сізге көп үміт артқан еді…

– Заманбектің жары Мақпал Жүнісовамен де сөйлестім. Ол өзі келген. Мен Заманбектің Қонаевқа істеген жақсылығын айтып: «Тұра тұр, уақыты келер. Қолымнан келсе, көмектесемін», – дедім. Сол кезде Мақпал: «Рахат Әлиев бізге қарама-қарсы тұрады. Оның күзетшілері есік алдында көлік тұрса, қуып жіберетін. Ал сол күні аттандап, айқайлап шыққан кезімде біреуі де ештеңе деген жоқ», – деген еді.

Шын мәнінде, өлтірткен Назарбаев емес шығар. Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев осыны пайдаланып, өздері-ақ өлтірткен болуы мүмкін. Бірақ осының бәрі билікке, Назарбаевқа сенімсіздік туғызады.

 Ал Қаңтар бүлігі туралы не айтасыз?

– Мұны ұйымдастырған адамдар президент Тоқаев бәрін тастап, қашып кетеді деп ойлады. Бірақ ол қашқан жоқ. Оған «20 мың террорист кіріп кетті» деген мәлімет түсті. Бірақ президент ол ақпаратты тексеруі керек еді. Шын мәнінде, қаңтар оқиғасына нақты баға берілуі керек. Бұл халықтың наразылығынан басталды.

– Сіз өмір бойы құрметтеп өткен Дінмұхамед Қонаевтың есімі Қапшағай қаласына берілді. Алғашқылардың бірі боп қуанған шығарсыз?

– Қапшағай қаласына Қонаевтың атын берген кезде бүкіл елдің алдында сөз сөйледім. «Қандай данышпан болса да, ол туралы айтылмаса, кітапта жазылмаса, ұмытылады», – дедім.

Димаш Ахметұлы биліктен кетіп, жалғыз қалғанда жанында болып, қызмет жасадым. Оны кітабымда да жаздым. Мәнсапты да, қызметті де ойлаған жоқпын.

Қонаевтың аты өшпесін деп талай шаруа жасадым. Жыл сайын түрлі турнирлер, жарыстар ұйымдастырдым. Қайтыс болған күніне орай бәйге шаптыртып, көлік тігіп, ас беріп отырдым. Мұның бәрі – әділдік үшін. Тіпті, осы істерді ҰҚК төрағасы болып жүріп атқардым. Сонда жұрт Назарбаевтың жанында Қонаевтың атын айтуға қорқатын, ал мен әлгіндей шаралар жасап жүрдім. Бірақ маған Нұрсұлтан Назарбаев «Сен неге олай істейсің? Істеме!» деп айтқан емес.

– Назарбаев екеуіңіздің араларыңызда не болды?

– 2010 жылы Нұрсұлтан Әбішұлымен қоштасқан кезде бір-бірімізге ауыр сөздер айттық. Ол кісінің алдына арызымды лақтырып тастап, есігін теуіп кетіп қалғанмын. Маған: «Сені қаматамын!», – дегенде, мен оған: «Қолыңнан келсе, істеп көр», – дедім. Одан кейін баламды да қудалады. Бірақ қазір оны айтпаймын. Құлаған адамды жұдырықтайтын әдетім жоқ. Қазір ол кісіні бәрі табалап жатқан кезде оларға қосылып жамандасам, кім болғаным?..

– Сұхбатыңызға рақмет.