(Қазығұрт аудандық қаржы бөлімі мемлекеттік сатып алу және комуналдық меншік секторының жетекші маманы Гулжан ДАНЕНОВА сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбы бойынша ұжым алдында баяндама жасап тұр).
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясында жемқорлықтың алдын алудың маңызды шарты деп қоғамның барлық санаттарын жемқорлыққа қарсы жұмысқа тарту деп көрсетілді. Нәтижесінде қоғам өмірінің барлық әлеуметтік-маңызды салаларында, соның ішінде, жемқорлыққа қарсы күрес саласында қоғамдық институттар рөлі артты.
Жемқорлыққа қарсы күрес құралы ретінде қоғамдық бақылау жемқорлық фактілерін анықтау және болдырмауға, жемқорлық қатынастар пайда болуы мүмкіндігін және себептерін болдырмау мақсатында азаматтар мен олардың ұйымдарымен іске асырылатын іс-шаралар кешенінен тұрады.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясының жүзеге асырылуына сыртқы талдау және бағалауға бағытталған Арнайы мониторингтік топтар құрылған болатын.
(Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Нұргүл ЖҰМАШОВА ұжымда заңсыз сыйлық алмау мәселесі бойынша сөз сөйлеп тұр).
Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев облыста құрылған Арнайы мониторинг тобы мүшелерімен жиын өткізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың пайда болу себептері мен жағдайларын азайту шаралары бойынша біршама мәселелерді ашық талқылаған-ды. Сондай-ақ, Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.
– Сыбайлас жемқорлықсыз ізгі қоғам құру – бұл баршамыздың таңдауымыз. Егемен мемлекетіміздің жарқын болашағы да – жемқорлықсыз қоғамда. Ертеңгі ұрпағымызға біз қандай мемлекет қалдырамыз? Міне, осының бәрі өзімізге байланысты, – деді департамент басшысы Ғалым Сұлтанұлы.
Қазір Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық бақылау орнату мақсатында Арнайы мониторингтік топ мүшелері жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, Арнайы мониторингтік топтың Қазығұрт ауданы бойынша мүшелері белгіленген іс-жоспарларға сай аудан көлемінде рейдтік шаралар мен акциялар ұйымдастырды. Аудандық қаржы, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, ауыл әкімдіктері ұжымдарымен мереке қарсаңында заңсыз сыйлық алмау тақырыбында жиналыстар өткізді. Мемлекеттік қызметшілерге мейрам қарсаңында немесе туған күндерге қарсы сыйлық (тіпті, кәмпит, кәдесый) беру, алу заңмен қудаланатыны түсіндірілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көліктерін жеке мақсатқа, жұмыстан кейін пайдалануды анықтау бағытында Арнайы мониторинг тобы тарапынан рейд жүргізілуде.
Дидар БЕГАЛИЕВ
Қазығұрт ауданы