11 мамыр күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен ҚРКФ Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева Атқару комитетінің мүшелерін ағымдағы жылдың 19-20 мамырында Астанада Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің III отырысы өтетіндігі туралы хабардар етті.
Алдағы форумда Орталық Азия елдеріндегі кәсіподақтардың жастар саясатындағы заманауи тенденцияларды, бірыңғай коммуникациялық стратегияны қалыптастыру тәсілдерін, туризмді дамыту перспективаларын және аймақ кәсіподақтары арасындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Кеңестің рөліне тоқталған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы төрағалық етуші тарап бола отырып, ұйымның халықаралық аренадағы мәртебесін нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
«Ұлттық кәсіподақтар орталықтарының бастамасымен құрылған кеңес аймақтағы еңбекшілердің мүддесін жан-жақты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Орталық Азиядағы 15 миллион еңбеккердің дауысы халықаралық кәсіподақ қозғалысында естілуі тиіс. ІІІ отырыста ОАЕКК мүшелері жұмысшы жастардың мәселелерін, өзара тәжірибе және ақпарат алмасу мәселелерін қарастырады, еңбеккерлерді сауықтыру бойынша бірлескен бағдарламаларды іске асыру перспективаларын және қатысушы мемлекеттердің туристік мүмкіндіктерін белгілейді», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Атқару комитетінің мүшелері отырыс бағдарламасына қолдау білдірді, оның ішінде Орталық Азия елдері кәсіподақтары арасында шағын футболдан ІІ халықаралық турнир өткізу де бар.
Еске салайық, Кеңес 2021 жылдың қарашасында құрылған. 2023 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ОАЕКК Бас хатшысы болып табылады.
Бүгінгі таңда ОАЕКК негізгі іс-шараларының жоспары бекітілді, ұйымның логотипі әзірленді, бірыңғай ақпараттық-коммуникациялық алаң – ОАЕКК ctuca.org сайты құрылды.
Отырыс аясында Атқару комитетінің мүшелері кәсіподақтық білім беру мәселелері бойынша ҚРКФ Әдістемелік кеңесі туралы ережені бекітті.
Әдістемелік кеңес ҚРКФ алқалы органдарының кәсіподақтық білім беруді дамыту, ҚРКФ бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру, кәсіподақ қозғалысының өзекті мәселелерін талдау, ұлттық кәсіподақтар орталықтары, ХЕҰ, ХКК және ҚРКФ мүше ұйымдарының оқу орталықтарының жұмыс тәжірибесін зерделеу саласындағы шешімдерін жүзеге асыру мақсатында құрылады.
Сонымен қатар, Атқару комитетінің мүшелері жыл сайынғы «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиа-байқауын өткізуді бірауыздан қолдады.
Байқау «Үздік журналист», «Үздік ақпараттық әріптес», «Үздік фотообъектив», «Үздік кәсіподақтың ақпараттық ресурсы», «Үздік кәсіподақ баспасөз қызметі» атты бес номинация бойынша үшінші жыл өткізіліп келеді.
Оған жыл сайын БАҚ өкілдері, Федерацияға мүше ұйымдардың ақпараттық жұмыс жөніндегі мамандары, фотографтар қатысады.
«Еңбек адамын ұлықтау» медиа-байқауы 15 мамырда басталып, оның қорытындысы Кәсіподақтар күнін мерекелеу аясында 10 қазанда жарияланады.
Сонымен қатар, Атқару комитетінің мүшелері 2023 жылғы 30 маусымда Бас кеңесті шақыру туралы шешім қабылдады, оның отырысында ҚРКФ мен оның мүше ұйымдарының бірінші жартыжылдықтағы қызметінің қорытындылары және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясын жүзеге асыру барысы көрсетілетін болады.
Жиын соңында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін ОАЕКК III отырысын дайындау мен өткізуге белсенді қатысуға және еңбек және кәсіподақ заңнамасын жетілдіру бойынша жаңа бастамаларды қалыптастыру үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.
ҚРКФ медиаорталығы