Азық-түліктің сапасы нашарлап, бағасы көтерілген. Үкімет қайда қарап отыр?

1422
Азық -түлік сапасы жөнінде Қазақстан әлемдік рейтингте төменгі орында көрсетілген екен.  Аз -мұз хабар жасаған  өзіміздің ТВ тілшілері мен азық-түлік мамандары осыған байланысты баспасөз саласында дұрыс талдау жасай алмады. Негізі оған шынайы түрде маңыз беру керек еді, өйткені, сапалы азық-түлік – денсаулықтың кепілі.
Соңғы жылдары мектеп асханаларында, көшедегі тамақ сататын орындарда әртүрлі тағамнан уланып жатқандар, тіпті өліп қалғандар да кездесті.
Мәселен, тұтынушылардың ең басты және жиі қолданылатын тағамдарының бірі – сүт. Дүкендерде сатылатын сүттің сапасы нашар екенін мамандар да бұдан бұрын  ресми түрде мойындаған. Өйткені сүттің біраз бөлшегі Белорусиядан, Ресейден әкелінеді. Пакеттегі сүттердің көпшілігі — кептірілген ұнтақтардан жасалынатыны және оларда тағы да басқа индегриденттер бар екені көпке мәлім.
Екіншіден, Қазақстанда қолданылатын сапасы өте төмен шұжықтар (колбасалар) баршылық. Осылардың көбінде таза еттің жоқ екенін  биыл тексерген мамандар атап айтты. Осындай сапасыз шұжықтардан көп көбіне бутерброд, гамбургерлер жасалады. Ондай шұжықтар кез келген дүкеннің сөресінде тұрады. Дүкен сөрелерінде сапасыз тағамның көбеюіне  «Шағын бизнес саласын тексеруді шектеу» туралы Үкіметтің соңғы жылдары қабылдаған шешімі де әсер етуде.
Ет сату саласында да кемшіліктер көп. Біздің кей облыстарда мал ұрлаудың көбейгенін баспасөз бетінен хабардармыз. Сол ұрланған малдардың көбі базарларға түсуі әбден мүмкін.
«Ол мал бауыздалып, халал заңдылығымен базарға түсіп жатыр мa?» Осы сұраққа жауап беретін адам жоқ. Оның басты себебі – тексеріс жоқ. Көшеде етпен жасалып, сатылатын самсалар мен кәуаптардың сапасын тұрақты тексеретін арнаулы мекемелер де аз.
Төртіншіден, осыдан бір-екі ай бұрын Ресей кедені  Америкадан Қазақстанға әкеле жатқан құс етін шекарадан өткізбегені туралы БАҚ жазды. Тоңазытқышта көп тұрып қалған сондай құс еттері Алматы базарларында да көп. Олардың калориялық сапасы төмендеп, дәмі нашарлаған. Соған қарамастан мерзімі өтсе де, сатудан алынбайды. Ал осыны бақылайтын өкілетті орган бар ма? Азық-түлік мәселесінде шешілмей тұрған басты мәселер- осы. Санай берсең, шегі жоқ дерсің.
Жоғарыда атап өткен азық — түлік сапасының нашарлығына қарамастан, құс еті, сүт, ет бағалары ай сайын көтеріліп, қазір жоғары шегіне жетті. Өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік бағасы екі есеге дейін өскен. Ал мұның жауабын кім береді?
Жұмат Әнесұлы,журналист, жазушы