«АвтоЦОНда» делдалдар жемқорлыққа жол беріп отыр

1617
Делдалдар қызметін 5 мың теңгеге бағалайды. Бүгін Шымкенттегі мамандандырылған қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысу үшін мекемеге арнайы бас сұққан нұротандықтар осылай деп отыр.
Бас партия өкілдері орталықта қызмет алушыларға берілетін талондарды таныстарына үлестіріп, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отырғандарға тұсау салатын кез жетті дейді.

Нұротандықтар тұрғындармен жеке дара сөйлесіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын бағамдап көрді. Автокөлік иелері ә дегеннен ұзынсонар кезекке шағым айтты. Ал уақыт оздырып, кезек күтпеймін десеңіз, сізге делдал көмекке келеді екен. Партия өкілдерінің айтуына қарағанда пысықайларға сұраған ақшасын берсеңіз, тірлігіңізді тас түйін тындырып беретінге ұқсайды.
Орталық басшылары бұл былықтардан хабардар болып шықты. Алайда, олардың жолын кесуге қауқарсыз. Себебі, көп жағдайда адамдар арыздануға асықпайды екен.
Айта кетейіік, осыдан үш жыл бұрын ашылған орталықта қазір қос бірдей қызмет көрсетіледі. Мұнда азаматтар көлік жүргізу куәлігін рәсімдеп, мемлекеттік нөмірлерін тіркейді. Мамандар сөзіне қарағанда орталықта күніне мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетіледі екен. Орталыққа келушілер санының жыл сайын емес күн сайын артып отырғанынына алаңдаған мамандар мұндай мекемеге қажеттілік туып отырғандығын айтады.
Мамандандырылған қызмет көрсету орталығына келушілер көліктерін ақылы автотұрақтарға қоюға мәжбүр. Себебі, кей пысықайлар мұндай орындарды да май шелпек етіп алған дейді нұротандықтар.
Орталықтағы олқылықтарды жайып салған бас партия өкілдері мұндағы заңсыздықтардың жолын кесуде жергілікті билік өкілдерінің де атсалысуын тапсырды.
Мақпал Рысбаева