Садриддин Ахмедов WBC Asia титулын жеңіп алды

1436
Almaty Arena спорт кешенінде өтіп жатқан бокс кешінде Садриддин Ахмедов WBC Asia чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
10 раундтық кездесуде Садриддинге индонезиялық Джон Рубо қарсы шыққан болатын. Ол шаршы алаңда 23 жекпе-жек өткізіп, 17-сінде жеңіске жетіп, 9-ын мерзімінен бұрын аяқтаған, 5 рет жеңілістің ащы дәмін татқан мықты боксшылардың бірі саналады.
Алғашқы раунд боксшылардың аңдысуымен өтті десек те болады. Алайда, раунд ортасына таман Садриддин бірнеше джеб соққысын жұмсап, қарсыласы басын қорғана бастаған сәтінде екі бүйрегінен, бауырынан алма-кезек  төмпештеп алды. Екінші раундта да қазақ боксшысы сол қолымен джеб жасай отырып, қарсыласының қорғанысқа көшкен мезетінде екі бүйірінен, құлақ-шекесінен ауыр соққылар жұмсауға тырысып бақты. Садриддин үшінші раундта да индонезиялықтың шабуыл жасауына еш мүмкіндік бермеді. Бауырынан, бүйірінен соққылап, қарсыласы қарсы ұмтылған кезде бірнеше мәрте апперкот соққыларын жасап үлгеріп жатты.
Төртінші раундта Садриддин ұрыс мәнерін сәл өзгертіп, қарсыласын тек сол қолымен құлақ-шекеден, іштен ұрып, апперкот жасауға тырысты. Ал Джон алға ұмтылып, соққыларын дарытуға тырысты. Келесі раундта индонезиялық қолын оңды-солды сермеп, алға ұмтылғанымен Садриддиннің күтіп алып, ұрған соққылары оған дәл тие берді. Алтынша раундта Рубо оңай шағылатын «жаңғақ» еместігін танытты. Садриддиннің бірнеше ауыр соққыларына төтеп берді. Жетінші раундта қарсыласының соққыларына қарамастан алға ентелеген Рубо төзімді екенін көрсетті. Ал Қазақстан боксшысы қорғана жүріп, оң, сол қолымен қарсыласының  бауырынан ауыр соққы жұмсап үлгерді. Қалған раундтарда да Садриддиннің ауыр соққылары дәл тигенімен, Рубо лайықты қарсылық таныта білді. Сонымен, 10 раундтың қорытындысында ұпай санымен Қазақстан боксшысы жеңіске жетіп, WBC Asia титулын жеңіп алды.
«Қазақ елі үшін» деген соң бұл кездесуге келісім бердік. 10 раунд өткізейік деп  келіскен едік. Сондықтан сіздерге нокаут  көрсете алмағаным үшін кешірім сұраймын. Енді қазақ елінің көңілін түсірген Канелоға қарсы дайындалып жатырмыз. Геннадий ағамыздың Канелоға кеткен есесін қайтарамыз», — деді жекпе-жектен кейін сөз алған Садриддин Ахметов.
Еске сала кетейік, 26 қаңтарда Канаданың Монреаль қаласында өткен алдыңғы жекпе-жегінде Садриддин мексикалық Абрахам Хуаресті (13-2, 5КО) төртінші раундта нокаутқа жіберіп, бірінші орта салмақта жастар арасындағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған болатын.