Қазығұртта кәсіпкерлік өркен жаюда

1433
Қазығұрт ауданының индустриалдық аймағында тағы бір үлкен жоба –«Ақбастау кз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдеу цехы іске қосылғалы тұр. Өткен аптада «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Дінмұхаммед Абсаттаров бірнеше қызметкерлерімен аталмыш цехқа арнайы келіп, аудан әкімі Төлеген Телғараевпен бірге ғимараттың және ондағы орнатылған агрегаттардың мән-жайымен толыққанды танысты. Серіктестік директоры Сейдулла Құнанбаевтың айтуына қарағанда, өңдеу цехы сүт өнімдерінің 9 ассортиментті түрін шығарады. Тек қойытылған сүт жасайтын технолог маман ғана тапшы екенін айтты.
– Бұл зауытты ашпас бұрын нарықты жан-жақты зерделедік, – дейді С.Құнанбаев. – Талапқа сай технологияларды Қытай, Ресейден әкелдік. Зауыт жобасына 350 миллион теңге жұмсалса, 250 миллион теңгесі несиеге, қалғанын өз есебімізден жұмсадық. Бұл өндіріс енді жергілікті сүт өндірушілер қатарын арттыратынына сенімдімін. Қазірдің өзінде кейбір шаруа қожалықтары хабарласып, ірі қараларын етті бағытпен бірге сүтті бағытта дамытуға ынталы екендіктерін білдірді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Дінмұхаммед Болатұлы зауыт өз өнімдерін сататын дүкендер желісін ашса, брэндтік стилі қалыптасар еді деп ұсынысын айтты. Тұтынушылар таңдауы әрқашан экологиялық жағынан таза, қауіпсіздігі сенімді тағамдарға түседі.

Палата өкілдері «Н.Құдайбақ» ЖК ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу кәсіпорнының тері өңдеу цехында да болды. Цех айына 5 мың тері илей алады екен. Осы жоба қарапайым заттар экономикасына еніп, ауданның ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге зор үлес қосады. Айта кетейік, үкіметке жүктелген үлкен міндеттің бірі – қарапайым заттар экономикасын құру еді.
Мұнан кейін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары иелері, мәслихат депутаттары, тұрғындар қатысқан жиын өтті. Жиынды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қазығұрт аудандық филиалының директоры Бекболат Әбуов жүргізіп отырды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Д.Абсаттаров облыстағы шағын және орта бизнестің даму мән-жайын тілге тиек етіп, қатысушылардың көкейіндегі сауалдарға жауап берді.
«Даян» шаруа қожалығының жұмысы облыстан келген меймандарды қатты қызықтырды. Бұл қожалықтың еңбек тарихы да, ізденісі мен талпынысы да қызғылықты.
Шаруа қожалығы 2008-жылы қызанақ пен қияр өсіру үшін 8 жылыжай салғанмен, кейін бәселелестердің көбеюіне байланысты, тың бағыт іздеуге тура келген. Алдымен, Өзбекстанға барып, лимонды қалай өсіру керектігін көріп, бірнеше көшетін алып келіп, жылыжайға отырғызған. Араға екі жыл салып, ол жемісін бере бастаған. Үшінші эксперименті жылыжай үлгісімен балық тоғанын жасаған. Алайда соңғы шаруа сәтсіздеу шыққан. Дінмұхамед Болатұлы өзге шаруаны киліктірмей, мол табыстың ағыны келе жатқан арнаны кеңейткен әлдеқайда тиімді болар еді деп ойымен бөлісті. Бұл пікірге келіскен шаруа қожалығының басшысы Манатәлі Таңсықбаев балық тоғанына арналған кешенді траншеялық лимон өсіру әдісіне айналдыратынын айтты. Мұндай әдістің ерекшелігі қысқы отынды мүлдем керек етпеуі де мүмкін. Есесіне өнімнің өзіндік құны төмендеп, табысы артады.
Қазір жылыжайда 600 түп лимон ағашы жайқалып, иісі жұпар шашып тұр.
– Әр ағаштан орта есеппен 120 килодан жеміс алдық. Жалпы жылына 30 тонна лимон алып, 22 мың тоннасын Ресейге экспорттадық. Біздің лимон –экологиялық жағынан таза. Химикаттармен емес, табиғи көңмен тыңайтып, коректендіреміз, – деп, қожалық жетекшісі көң дайындайтын орындарын көрсетті.
Лимон өсіруге көшкен шаруа қожалығы қызанақ, қияр жылыжайын жұмысын тоқтатқан жоқ. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдері осыншама алып жұмысты ағайынды екі жігіттің өз күштерімен атқарып жатқанына таң қалды. Олар, сонымен қатар, банан, құрма көшетін де тәжірибе ретінде отырғызыпты. Құрманың алғашқы дәмін де татып үлгеріпті.
Дидар БЕГАЛИЕВ.