Министр: Мектепте ақылы олимпиада өтпейді

1213
Білім министрі 20 мамыр күні онлайн брифинг өткізді. Білім көкжиегіндегі келелі мәселелерге тоқталып, жур­­налистердің сауалына жауап берді. Академиялық адал­дық, Ұлттық бірыңғай тес­тілеу мен қашықтан оқыту жүйе­сіне кеңінен тоқталды.
25 мамыр күні Білім және ғылым министрлігі соңғы қоңы­рау салтанатын онлайн өткізуді жоспарлап отыр. Дәстүрлі фор­матта оқу жүйесі бойынша 25 ма­мырда мектепте соңғы қоңырау соғыл­майтынын баса айтты. Ал аттестат тапсыру рәсімі туралы толық мәлімет берді.
Білім және ғылым министрлігі аттестат тапсыру рәсімін өткізу туралы Денсаулық сақтау ми­нистрлігінен кеңес сұраған. Сәйкесінше 3-4 маусым күні 11-сынып оқушылары үшін аттестат тапсыру салтанаты өтеді. Сондай-ақ аталған кеште соңғы қоңырау соғылады. Әрине, ат­тестат тапсыру рәсімінде сани­тарлық-эпидемиологиялық та­лап­тар қатаң сақталады.
«Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Балалардың, педа­гогтердің қауіпсіздігіне айрықша екпін қоямыз. Медициналық мас­қа тағу міндеттеледі. Бұл шара аулада, яғни ашық кеңістікте өтеді. Әр сынып өзінің шарасын жекелей ұйымдастырады. Арақа­шықтықты сақтау үшін арнайы белгілер қойылады», – деді министр.
Тұлғаны сәйкестендіру жүйесін орнатамыз
Министр Асхат Аймағам­бетовтің айтуынша, биыл 131 мың түлек тестілеуге қатысу үшін онлайн өтініш толтырған. Бас мұғалім мұның абсолютті рекорд екенін атап өтті. Ведомство басшысы ҰБТ маусымның соңы мен шілденің басында өтетінін айтты. 26 мамыр күні аппарат кеңесінде ҰБТ-ға дайындық та­қырыбын талқылайтынын жет­кізді. Министрдің сөзіне сүйен­сек, жауапты сын кезінде сани­тарлық талаптар мен санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтуге айрықша назар ауда­рылады.
Сондай-ақ министр ҰБТ тап­сыру кезінде арақашықтықты сақ­тау мақсатында аудиториядағы адам­дар саны барынша қыс­қарты­л­а­тынын айтты. БҒМ ми­нистрі маска, респиратор тағу мін­детті еке­нін, ауди­торияны жел­дету жұмыс­тары жүретінін ескертті.
«ҰБТ-ны 144 тестілеу орта­лығында өткізу жоспарда бар. COVID-19 жоқ шалғай елді ме­кендерде де санитарлық шара­лар міндетті түрде сақталады. Биыл тұлғаны сәйкестендіру жүйесін орнату мәселесін қарас­тырамыз. Бұл жүйені сынақтан өткіздік. Тұлғаны сәйкестендіру адамның бет-жүзін тану арқылы автоматты түрде орындалатын болады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар дене тем­пе­ратурасын өл­шеу, емтиханды жазу және басқа да көптеген мәселені қарас­тырамыз», – деді министр.
Мұғалім қашықтан оқыту жүйесін меңгеруге міндетті
Асхат Аймағамбетов қашық­тан оқыту жүйесін әлі де жетілдіре түсу керек екенін баса айтты. Қашықтан оқыту кез келген білім беру ұйымын «сынақтан» өт­кізген. Министрлік елдегі жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту форматын ақпан айында сы­нақтан өткізген. Сонда бір­қатар университеттер сервер са­тып алуға мәжбүр болған. Ми­нистр­дің айтуынша, қашықтан оқытудың шығыны да, пайдасы да бар. Осы оқу жылында үнем­дел­ген қаржыны білім беру ұйым­да­ры игі­лігіне жарататынын мәлімдеді. «Биыл оқушылар IV тоқсанды үйінде оқыды, ми­нистр­лік қаржысы қалтасында қал­ды» деген жалаң түсінік болмау керегін нұсқады. Өйткені министрлік компьютері, ин­тернеті жоқ оқушыларды керек-жарақпен қамтыған. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында мектептегі компьютерлер мен роутерлерді оқушыларға таратып берген. Мұндай шара еліміздің басқа да өңірінде өткен.
Министр мұғалімнің қа­шықтан оқыту форматын мең­геруі міндетті екенін айтты. Ал­дағы уақытта қашықтан оқыту бойынша тиісті курс өткізетін­дерін мәлімдеді. Оның ішінде IT компетенциялар, балаларды оқы­ту әдістері қамтылады. Яғни, қа­шықтан оқыту жүйесі арқылы білім беру мен жұмыс істеудің мән-жайына басымдық беріледі. Министрдің айтуынша, министр­лік осындай бағыттағы курстарды дайындап жатыр. Ведомство бас­шысы бағдарламаның бірнеше нұсқасын қарап шыққан.
Асхат Аймағамбетов ком­петенциялар арнайы курстарда қамтылатынын атап өтті. Кейін­нен оның барлығы біліктілікті арттыру аясында педагогтерге оқытылатынын жеткізді.
«Мұнымен қоса, жоғары оқу орындарын даярлау аясында осы жүйе бойынша қашықтан оқыту бойынша міндетті модульді ен­гізетінімізді ректорларға хабар­ладық. Болашақ педагогтер уни­верситетте бұл технологияларды меңгеруі тиіс», – деді ол.
Дәстүрлі форматта оқыту қолайлы
Министр онлайн брифингте қашықтан оқыту уақыт талабы екенін айтып, пайдасы барына тоқталды. Аймағамбетовтің ай­туынша, бұл үйде білім алатын ба­лаларға, қыста ауылды елді мекен­дерде жол ашылмай оқудан қалатын оқушыларға тиімді. Бі­лім беру процесінің дамуына сеп­тігін тигізетінін айтты. «Бірақ мұ­ның бәрі келер оқу жылы қашық­тан оқыту форматында жалға­сатынын білдірмейді», – деді.
«Әр аптаның сенбісінде он­лайн режимде мұғалімдермен пікір алмасамын. Біз саладағы мәселелерді талқылаймыз. Осы орайда ұстаздар балалардың оқу үлгеріміне қатысты мәліметтерді айтады. Олардың сөзінше, осыған дейін жақсы оқыған балалардың сабақ үлгерімі нашарламады. Олар бұрынғысынша жақсы ынтамен сабақтарын жалғас­тырған, яғни білім сапасын жо­ғалтпаған», – деді А.Аймағамбетов онлайн баспасөз мәслихатында.
Министр сөзіне қарағанда, педагог, ата-ана мен оқушы дәстүрлі форматта оқыту тиімді әрі ыңғайлы екенін жете түсінді. Осыған орай ол министрлік үшін бұрынғыдай дәстүрлі күндізгі оқыту қолайлы екенін атап өтті.
«Дәстүрлі форматта оқыған кез­де тұйықтау бала ретінде көрін­гендерде өзгеріс болған. Әріп­тес­тердің хабарлауынша, бұл бала­лар ашылып, өздерін жаңа қыры­нан көрсеткен. Олар ойын, тұжы­ры­мын ашық айта бастаған», – деді министр.
Үстемеақы алғысы келген педагог тест тапсырады
Мұғалімдердің біліктілік тестін тапсыратыны, арнайы курс­тан өтетіні белгілі. Ұстаздар бі­лік­тілік санатын көтеру үшін 3 ай, 6 ай деп бөлінетін түрлі курсқа қатысады. Әрине, еңбегі еленетіні сөзсіз. Курсты аяқтаған соң тест тапсырады. Нәтижесіне қарай айлық табысына 30, 50 па­йыз үстемеақы қосылады. Енді бала­бақша тәрбиеленушілері де біліктілік санатын арттыру үшін тест тапсыратын болады. Білуі­мізше, балабақша қызметкерлері 72 сағаттық курстан өтеді.
Министр тест сұрақтарының құрастырылып жатқанын, сұрақ әрбір педагог білуге тиіс жайттан тұратынын атап өтті. Бұл пе­дагогтің өзіне керек екенін, егер тестті сәтті тапсырса, үстемеақы алатынын айтты.
Министрлік интернет олимпиадаға қырын қарайды
Қазір әлеуметтік желіде ин­тернет олимпиада мен байқаудан аяқ алып жүре алмайсың. Осы жағдай министрліктің де құла­ғына жеткен. Ұстаздардың оқу­шыға олимпиадаға қатысуға мәжбүрлеуге құқы жоқ екенін ашық айтты.
«Егер баланы ақылы олим­пиадаға қатысуға мәжбүрлесе, тиісті құ­зырлы органдарға шағым­дану керек. Бізде «құқымыз бұзы­лып жатса, басқа біреу келіп бізді қорғайды» деген түсінік қалып­тасып кеткен. Құқықтық мәде­ниеттің болуы маңызды. Ми­нистрліктің ұстанымы мына­дай: біріншіден, ақылы сайыс­тарды қолдамаймыз. Екіншіден, мектеп қабырғасында ақылы оли­м­пиадалар өткізуге бол­май­ды», – деді Асхат Аймағамбетов.
Шығармашылық емтихан шілденің ортасында өтеді. Асхат Аймағамбетов онлайн брифингте шығармашылық емтихан жайына да тоқталды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің маусымның соңы мен шілденің басында өтетінін, соған сай шығармашылық емтихан шілденің ортасында болатынын мәлімдеді.
Түлектер мен магистратураға тапсыруға ниетті тұлға құжатты онлайн тапсыруға мүмкіндігі бар. Магистратураға түсу сынағы бұрынғы мерзімде өтеді.
Сондай-ақ министр «Бола­шақ» стипендиясы үміткеріне қойылатын талаптардың өзгере­ті­нін атап өтті. Мемлекеттік тілді білуі, ағылшын тілін меңгеруі тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, шет тілін стипендияға ие болған соң емес, конкурсқа қатысар ал­дында жетік білгені назарға алы­нады. Министр елімізде ағылшын тілін меңгеруге бар жағдай жа­салғанын, оқуға түскен соң 1 жыл ағылшын тілін меңгеру жүйесін түсінбейтінін ашық айтты. Бұл туралы министрлік жақында то­лыққанды мәлімдеме жасайды.
АЙЗАТ АЙДАРҚЫЗЫ