Түркістан әкімдігі иесі жоқта тұрғынның үйінің тас-талқанын шығарған

328
Түркістанда 51 жастағы ана 28 жыл тұрған үйінен айырылып, екі баласымен көше кезіп жүр. Қала әкімдігінің адамдары үй иесі жоқ кезде жылжымайтын мүліктің тас талқанын шығарып, тіпті отбасы мүшелеріне қоқан-лоққы көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Үйінен айырылған отбасы қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмей, көше кезіп жүр. 51 жастағы әйелдің Мөлдір Омарова есімді қызы баспанасын қиратқан адамдардың жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр.

“Түркістан қаласы облысқа ауысатын болған соң, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алды туристік жерге айналайын деп жатыр. Әкімдік кесененің маңайындағы № 176,  № 177 үйлерді бұзып,  біздікін де рұқсат сұрамай, қиратып тастады. Әкімдіктің адамдары көршілерімізбен келісімге келген, ақша берген. Олар үйлерінен шығып үлгерді, ал бізбен ешкім келіскен жоқ. Үй ағамның атында. Ол жылжымайтын мүлікті бұзуға рұқсат бермеген, ешқандай қолхатқа қол қоймаған, ақша да алмаған. Өзі әкімдіктегілердің неліктен мұндай қадамға барғанын түсінбей отыр. Біз сол  үйде 28 жыл тұрдық. Оны өз атымызға аудара алмай қойдық.
Әкімдіктің адамдары келіп, үйде кім барын сұраған. Ешкім жауап бермеген соң, жылжымайтын мүлікті бұзуды бастап кеткен.  Анам ауруханада санитар болып жұмыс істейді. Олар келгенде ауруханада, күндізгі ауысымда жұмыс істеп жүрген. Бауырым үйде ұйықтап жатқан. Даладағы гүрсілдеген дауыстан оянып, сыртқа атып шыққанда, әлгі адамдардың есік алдын қиратып жатқанын көрген. Олар үйіміздің дуалын бұзып, шатырымызға өрмелеп шығып алған. Сарайдағы заттарымыздың барлығын далаға шығарып тастаған. Іште адамның жатқанына қарамастан үйді қирата бастады.
Анам үйге жетемін дегенше тұрып жатқан жеріміздің тас-талқанын шығарып үлгерді. Бұл сұмдықты көрген анамның жүрегі ауырып,  сол жерде жүрген облыс әкімінің орынбасарының көзінше талып қалыпты. Жарты сағат есін білмей жатқан. Өзінің денсаулығы нашар, осы оқиға орын алмай тұрып хабарласқанымда құлағым бітіп, басым ауырып тұр деп айтқан еді. Анам сондай хәлде жатқанда кім екенін білмедім, оған басқа үй тауып алыңыздар деп қолына қырық мың теңге ұстатқан. Өздерінің кінәсін жақсы түсініп тұр. Біз аузымызды жауып, үндемеу үшін ақша ұсынды. Ол аздай әкімдіктің адамдары 18 жастағы ініме қысым көрсеткен.

Анам мен екі бауырым қазір далада қалды. Қалталарында ақшалары да жоқ.  Өзімнің үй-жайым бөлек. Қазір бауырларым мен анамды қолыма алдым. Бірақ мен ата-енеммен тұрған соң, олар ыңғайсызданып жүр. Екі күннен бері ұйықтамай үйдің басында жүрміз. Астананың прокуратурасына хабарластық, олар  бізді қалалыққа жіберді. Прокуратурада анамның жүрегі екінші рет ұстап қалды. Арыз жазып, моралды, материалды шығынды өтеуді талап еттім. Анам үшінші рет талып жатса, қолыма өлігін беретін шығарсыздар деп кеше ұрысып кеттім. Бірақ әзірге  ешқандай хабар келген жоқ.
Жылу беру мерзімі аяқталғанша, тым құрығанда әкеміз үшінші ақпан күні Ақтаудағы жұмысынан келгенге дейін уақыт беріңіздерші деп әкімдікке өтініш те білдіргенбіз. Жарайды деп алып, осылай істеп отыр”, — дейді Мөлдір Омарова.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз