​Жеңіс Қасымбек: Көмірдің тоннасы 3 мың теңгеге төмендейді

984

Баға орташа есеппен 15-20 пайызға төмендейтін болады

ARDAK.KZ. Елімізде көмір бағасын төмендетуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әкімдіктердің берген мәліметтері бойынша, биыл 1 мамыр мен 23 қараша аралығында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін халыққа көмір қорын жинау жұмыстары жоспарлы режимде орындалуда. Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстары қажетті көмірмен толық қамтамасыз етілді. Жылдық жоспарға сәйкес, сегіз облысты және Алматы мен Шымкент қалаларын көмір қорымен қамту көрсеткіші 85 пайыздан асады»,- деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес халыққа жеткізілетін көмірдің бағасы оның сапасы мен соңғы тұтынушыға дейінгі қашықтыққа байланысты орташа есеппен 15 мың теңгені құрайды.

«Коммуналдық-тұрмыстық көмір тарифтерін және бағаларын төмендету мәселесі бойынша сіздің тапсырмаңызды орындау үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы жергілікті атқарушы органдар және қоймалардағы коммуналдық-тұрмыстық көмірді сатушылар арасында меморандум жобасын әзірледі. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарының жергілікті атқарушы органдары өңірлерде орналасқан қойма иелерімен меморандумдар жасасты. Қалған өңірлер де осындай меморандумға қол қою жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс екі күннің ішінде толығымен аяқталады деп жоспарлап отырмыз», — деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуынша, осы жұмыстың нәтижесінде көмір қоймалары мен бөлшектеп сату орындарындағы бағаны төмендету жоспарланған.
«Баға орташа есеппен 15-20 пайызға немесе 2500-3000 теңгеге төмендейтін болады»,- деді Жеңіс Қасымбек.