​Көне тарихтан — жаңа серпіліске бастау

368

Кез-келген ұлттың тарих қойнауына тұнған өзіндік бояуы болады.

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын тарихымыздың тұғырын танытқан еңбегін өзін еліміздің төл баласы, перзенті санайтын әрбір адам жатқа білуі тиіс. Өйткені, тарихын білмеген адам тамырсыз ағашқа ұқсайды. Тамырсыз ағаштың ғұмыры ұзаққа бармайтынын ескерсек, өмір сүру үшін, қалыптасқан тұғырымызды биіктету үшін ұлтымыздың тарихын терең зерттеп-зерделеп, келешек ұрпаққа мұра болып қалуы үшін санасына сіңіре беру қажет.

Кез-келген ұлттың тарих қойнауына тұнған өзіндік бояуы болады. Сол арқылы тамырынан нәр алып, келешегін кемелдендіре білген халық ешқашан жойылмайтындығын сан мың жылдық тарихы бар, қазынасы бар, мәдениеті мен өмір сүру дағдысы қалыптасқан ұлтымыз арқылы көруге болады. Ал, Елбасымыздың ұлтымызды ұлықтап, ұлан-байтақ жерімізді «Ұлы дала» атауының өзі ұлы халықтың ұрпағы екендігімізді айғақтап тұрған жоқ па?! Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлт тарихындағы жеті қырын айшықтап, әрқайсысының өзіндік ерекшелігіне терең бойлап, тарқатып айтқаны мені ерекше әсерге бөледі. Әсіресе, «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» тарауында тарихи сананы жаңғыртып, қазіргі озық технологиялармен байланыстыруы және еліміздегі қойнауы тарихқа тұнған ежелгі қалаларды туристік жобаларға негіздесе де қызықты болатындығын айта келе іске асырылуы тиіс дүниелерді тізбектейді.

«Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын — үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет» деген жолдардағы көнеден жаңаша бағамдау жасауға мүмкіндік бар екендігін айқындайды. «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» тармағында телевизияның құдіретін пайдалану арқылы ұлттық құндылықтарымызды, ежелгі тарихымызды насихаттау арқылы, кино-жобалар түсірілімдері арқылы елге кеңінен паш ету насихатталады. Ұрпақтың рухын көтерін, намысын жанитын, биік тұғырына қондыратын көрсетілімдердің берері де мол болмақ. Елбасымыздың «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген афоризмге айналып кеткен сөзі бар. Әр қазақтың кеудесін керіп мақтануға тұрарлықтай тарихымыз болмаса, қилы тағдыр кешкен тарлан тарихымызда біз ұялатын ештеңе жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, тарихымызды түгендеуге арналатын алдағы үлкен жұмыстар жадымызды, санамызды қайта жаңғыртып ҰЛЫ ҰЛТқа айналатынымызға сенім білдіріп, жұмыла атқарысуға тиіс шаруаларды қолға алайық!

Ерболат Нұрмаханов,Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз