Ерік-жігер болмаса ойынқұмарлықтан ешқандай маман емдей алмайды – психолог

918

Міне, пандемия салдарынан кейінге қалдырылған футболдан Еуропа чемпионаты да жалауын көтерді. Яғни, бүкіл әлем назары «кәрі құрлықта». Біреулер үшін бұл – қызықты етіп уақыт өткізу, екіншілерге – азарт, үшіншілерге – бизнес. Ал, лудомандар деп аталатын топқа – қып-қызыл шығын, жүйке талшықтарының өлуі (және басқа да проблемалар).

Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты.

Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары.

Жалпы, Қазақстанда тіркелген он шақты букмекерлік компания бар. Ал, бейресми мәліметке сенсек, елімізде бұл салада жалпы 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Яғни, әрекет ету ауқымы өте кең. Соңғы екі жылда букмекерлік кеңселер Қазақстан бюджетіне 30 млрд теңгеге жуық салық төлеген деген ақпарат та бар.

Алматылық психолог Бекзат Маратұлының айтуынша, лудомандарды емдеу аса қиын процесс. Маман қаладағы осындай орталықтардың бірінде жұмыс істейді. Орталыққа ем іздеп келетін пациенттер аз емес, алайда олардың басым көпшілігі емделіп шыққаннан кейін құмар ойынға қайта салынады екен.

«Емделуші келгенде ең алдымен, диагностика жүргіземіз. Мұны психотерапевт мамандар өткізеді. Емделушінің оңалтудан өтуге қаншалықты дайын екені анықталады. Диагностиканың нәтижесіне қарай әр емделушіге тапсырмалар дайындап, жеке бағдарлама құрастырамыз. Тиісінеше, уақытылы тапсырманы орындатып, апта сайын динамикасын бақылап, соған сай бағдарламаға өзгертулер енгізіп отырамыз.

Біз ойынқұмарларға ешқандай дәрі-дәрмек бермейміз. 24 сағат бойы негізінен психотерапиялық жұмыстар жүргізіледі, 10%-ы ғана турдотерапиялық жұмыстарға арналады. Орындайтын тапсырмалар «12 қадам» бағдарламасының базалық тапсырмалары десек болады», — дейді психолог.

Құмар ойынға салынған адамның өзімен ғана емес, отбасымен бірге жұмыс жүргізіледі

Ойынқұмарлықтан емделу уақыты шамамен 6 айды алады. Мұнан кейін олар бірнеше ай бойы мамандардың бақылауында болады.

«Тәуелділік бір ғана адамның мәселесі емес, отбасының мәселесі. Тәуелді адамның өзін ғана емес, оның ата-анасын да емдейміз. Себебі, емделіп шыққан адамның сол жолға қайта салынуына 70% ата-анасымен қарым-қатынасы әсер етеді. Біз емделушінің ата-анасымен де психотерапиялық жұмыстар жүргіземіз. Алайда, осы жұмыстардың нәтижелі болуы 99% емделушінің ынтасына, ерік-жігеріне байланысты. Емделушінің өз қалауы, ерік-жігері болмаса, құмар ойынына тәуелділік ешқашан емделмейді», — дейді психолог Бекзат Маратұлы.

Ол жұмыс істейтін орталыққа биылдың өзінде 125 адам көмек сұрап хабарласқан. Әңгімелесуден кейін олардың 45-і емдеу орталығына келсе, тек 17-і ғана оңалтуға жіберілген. Соның ішіндегі 14 адам бүгінде ем қабылдап үлгеріпті. Ал, 2020 жылы 12 айда барлығы 314 адам хабарласып, соның 35-і емделуге жіберілсе, тек 13 лудоман ғана ойынқұмарлықтан толықтай құтылған. 2019 жылы орталыққа хабарласқан 237 адамның тек бесеуі азарт тәуелділігінен арылыпты.

Айта кетейік, былтыр елімізде бірнеше букмекерлік компанияның үстінен іс қозғалып, кеңселері түгел жабылған болатын. Қазіргі таңда букмекерлік кеңсе қызметі тек онлайн жүргізіледі.

Жанар Амангелді