«Халыққа зардабы тиіп жатыр»: Зайытовтың өткір сынынан кейін Сқақов қалай ақталды

783

МӘМС қорының басшысы міндетін атқарушы Әбілқайыр Ысқақов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің кемшілігі жайлы депутаттың сынына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов МӘМС қызметін уақытша тоқтатуды сұраған еді. Міндетті медициналық сақтандыру дұрыс жұмыс істемейді дейді депутат.

«Адам өліп жатыр ауылда. Жедел-жәрдем келмейді. Сақтандыруың жоқ деп ауылдарда дәрігерлер емдемейді. Осыны жүйелегенше, дайындап қалпына келтіріп алғанша тоқтата тұруды сұраймын. Өйткені мұның халыққа қатты зардабы тиіп жатыр», — деген болатын депутат.

Бүгін Мәжілісте МӘМС жүйесі бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары есеп беруге келген. МӘМС қорының басшысы Әбілқайыр Ысқақовтан депутаттың пікірі жайлы сұрадық.

«МӘМС жүйесі іске қосылғалы оң нәтижелері де бар. Мысалы, алғашқы медициналық көмек 3 есе, палеотивті көмек 6 есе артты. КТ және МРТ тексерістері жағынан миллионнан астам тұрғындарымызға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 5 мың нәресте ЭКО арқылы өмірге келді. Сондықтан МӘМС-тің толық тиімділігі жоқ деп айтуға болмайды», — деді ол Мәжіліс кулуарында.

Әбілқайыр Ысқақов ауылға медициналық көмек жетуі жағынан расында да проблема барын мойындады.

«Қолжетімділік мәселесі бар. Қазір сыртта көргеніңізде (көрмеде) медициналық жылжымалы жеке техникасы бар. Бәрі ұйымдастыру қабілетіне байланысты», — дейді ол.

Оның сөзінше, қазақстандықтардың 83 пайызы МӘМС жүйесіне кірген.

«Енді қалған 17 пайызының ішінде жұмыспен өз-өзін қамтыған азаматтар бар. Жұмыссыз жүргендер бар. Жұмыста жүрген, бірақ төлемдері жоқ. Сондықтан біз талдау жүргізіп, сверка жасап, түсіндірме жұмыстарын күшейтетін боламыз. Мұнда бір жағынан мемлекет, екінші жағынан пациенттердің өздерінің жауапкершілігі болуы керек. МӘМС жүйесін түсінбеген адамдарға жүйені түсіндіреміз», — дейді ол.