Ресейде тұратын қазақ Дамир Исмағұлов UFC аясында — екінші және кәсіби мансабында 18-інші жеңісіне қол жеткізді. Бұл туралы «SPORTINFORM» САА хабарлады.
23 ақпан күні Чехияның Прага қаласында 145-ші UFC Fight Night турнирі өтетінін хабарлаған болатынбыз. Оның барысында 27 жастағы Исмағұлов испаниялық Джоэль Альваресті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Есеп — 30:27. Бұған дейін Дамир Исмағұлов қазақстандықтардың қолдауы үшін алғыс білдірген еді. Айта кетейік, Альварес бұған дейін 15 айқас өткізген, оның тек біреуінде жеңілген. Бұл, оның UFC Fight Night турниріндегі алғашқы жекпе-жегі. Ал Дамир үшін UFC аясындағы екінші айқас. Алғашқы жекпе-жегін Аустралияның Аделаиде қаласында өткізген еді. Ол жеңіліп көрмеген австралиялық, «Хитмэн» лақап атымен танымал Алекс Джоджестен басым болды. Төрешілердің шешімін естіген соң Исмағұлов рингке өзіне жақын екі мемлекеттің — Қазақстан мен Ресейдің туларын алып шықты. Кешті тікелей эфирден «Qazsport» арнасы көрсетті.