Назарбаева Қазақстандағы нөмірі бірінші проблеманы атады

963
Сенат спикері Дариға Назарбаева айтқандай, баспана мәселесін шешуге бюджеттің ақшасы жетпейді
Сенат төрайымы Дариға Назарбаева барлық өңірде нөмірі бірінші проблема – баспана мәселесі екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында сенат спикері индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтан Қазақстанда үй кезегінде тұрғандардың жалпы санын сұрады.
Қазақстанда баспана кезегінде қанша адам тұр?
Вице-министрдің ақпаратынша, қазір елімізде 487 мың адам үй алу үшін кезекте тұрған көрінеді. Өскенбаевтың айтуынша, осы азаматтарды баспанамен қамту үшін республикалық бюджеттен шамамен 6 триллионн теңге қажет.
«Мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктері тұрғын үй проблемасын неше жылдан кейін толығымен шеше алады? Бұл жерде тек көпбалалы отбасылар жайлы сөз болып отырған жоқ қой, басқа санаттағы азаматтар да бар. Оның үстіне жыл сайын халық саны да артады. Осының бәрін ескерсек, баспана мәселесін шешуге бір ғана бюджеттің ақшасы жетпейді. Сондықтан нарықтан отандық немесе шетелдік болсын инвестор тарту мәселесін қарастыру қажет», — деп санайды сенат спикері.
Қазақстандағы нөмірі бірінші проблема
Назарбаева өңірлердегі үй құрылысы комбинаттарының жұмысы бәсең екенін айтты. Олар өз мүмкіндіктерінің үштен бірін немесе тек жартысын ғана пайдаланады, себебі тапсырыс жоқ.
«Үкіметте осыған ұқсас тетіктер қарастырылған бағдарлама бар ма? Жақын арада бір шешім қабылданады деген үміттемін. Себебі баспана мәселесі – барлық өңірде нөмірі бірінші проблема болып тұр. Құрылыстың да қарқыны төмен, нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алмайды», — деді Назарбаева.