«Қаралы қаңтар» еліміздің әрбір саналы азаматына ой салғаны жасырын емес. Біз бір күнде отыз жыл жүріп өткен жолымызды, сүрген өмірімізді ысырып тастап, жаңа Қазақстанға аяқ бастық. Алдағы өміріміз қандай болмақ, қоғамымыз қай бағытта дамиды. Бұл — бүгінгі күннің басты мәселелері. Өзінің осы тұрғыдағы ойын белгілі қоғам белсендісі Оразалы Сәбден ағамыз ұсыныпты.
Тоқаев тез шешешетін 7 қадам
- Қаңтардың «қанды оқиғасына» қоғамдық-саяси тұрғыдан әділ баға беру керек. Бұл Қазақстан халқына және демократия жолындағы елдерге, БҰҰ-на, әлемдік қауымдастыққа қажет.
2. Батылдықпен кадрларды тазалау қажет, қарапайым сөзбен айтсам, бір үлкен сыпырғышпен сыпырып тастау керек. Тәңірдің торынан ешкім, ешнәрсе шыға алмайды.
3. Әр адамның, әр отбасының күнкөріс деңгейін көтеру үшін жедел іс-шараларды жүзеге асыру керек (газ, коммуналды қызмет, азық-түлік бағаларының өспеуі, жалақы, зейнетақы, пәтер, жер телімі т.б.).
4. Тек білімді қоғам кез келген қиындықтан шыға алады. Сол себепті білімі жоғары ел болу үшін Мемлекет ешнәрседен аянбау керек. Ұлы Абайдың толық адам ілімінің «Жол картасын» жасап, өзіміздің рухани Конституциямыз ретінде халықты оқыту керек. Сонда Лао-Цзы, Конфуций, Будда, әл-Фараби, Ибн Сина, А.Яссауиді де, т.б. терең білетін боламыз. Сана оянады.
5. Саяси реформаның 1-ші қадамы ретінде Парламентті таратып, орнына 1 Палаталық Парламент жасақтау керек. Депутаттардың 50 пайызын жергілікті жерден халық сайласын, бұрынғыдай дауыс ұрланбасын, ал 50 пайызын партиялар сайласын, жаңа партиялар құрылсын, тіркелсін.
6. Бүкіл мүмкіндігімізді пайдаға асырып, байлығымызға «АУДИТ» жасалсын, бағалансын. 30 жыл бойы экс-президенттің жанында тек санаулы адамдар байып келген, шикізат елінен кету үшін экономикамызды әртараптандыруға барлық күш салынсын. Компанияларды мемлекеттік меншігіне (национализация) қайтару керек. Көленкелі экономикада 50 пайызға дейін қаражат жатыр, олар ашылсын. Офшор туралы заң тез қабылданып президенттің жарлығымен шет елдерге заңсыз кеткен қаржы тәркіленсін.
7. Рухани және діни реформа жасау қажет. Әйтпесе, көп ұзамай, ИГИЛ сияқты діни ағымдардың ықпалында кетіп, Тәуелсіздіктен айырылып қалуымыз ғажап емес. Сананы өзгерт, өзің де өзгер деймін баршаңызға.
Президент Мырза, өте сирек кездесетін, тағдыр бір-ақ рет беретін осы мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!
Артыңызда қара ормандай халқыңыздың тұрғанын ұмытпаңыз!