Қазақстанда заңсыз неке қиятын имамдарды 8 жылға дейін соттау ұсынылды

83

Мәжілісте депутат Мұрат Әбенов заңсыз қиылатын діни некелер тақырыбын көтерді. Депутат осындай рәсімдердің кесірінен әйелдер мен қыздардың құқығы жиі бұзылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұрат Әбеновтың айтуынша, заңсыз, діни тұрғыдан қиылған неке мәжбүрлі неке мен зорлық-зомбылықты жасыру үшін қолданылады.

“Кәмелетке толмағандарды ұрлағаннан кейін кейде діни неке қиылып, артынша жәбірленушіні отбасыдан қуып жіберетін жағдайлар кездеседі. Мұндай деректер Қызылорда облысы мен Шымкентте тіркелген. Бұған дейін діни қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды ұсынғанмын, алайда ол бастамаға қарсы шыққандар көп болды”, – деді депутат.

Енді ол жаңа Конституция қабылданғаннан кейін нормаларды қатаңдатуға мүмкіндік бар деп санайды.

Ұсыныстар қатарында заңсыз неке қиятын имамдар мен басқа тұлғаларға:

  • 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік енгізу;
  • Зорлауды аса ауыр қылмыстар санатына көшіру және ең жоғарғы жазаны 15 жылға дейін ұлғайту бар.

Бұған дейін Түркістан облысында сөз байласқан жігіті бар қызды алып қашып күш көрсеткендердің сол күйі жауапқа тартылмағаны туралы жазған едік.