Қазақстандық компаниялар 2 триллион теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған

1335

Қаржы мониторингі комитеті 2020 жылдың тоғыз айының қорытындысын шығарды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«STOP-ОБНАЛ» жедел-профилактикалық шарасы аясында комитет жалған шот-фактура жасаумен және қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 60-тан аса қылмыстық топты анықтаған. Олар өзіне бағынышты шамамен 1 200 компанияны құрған. Ондағы ақша айналымы 2 триллион теңге болған.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топ құру дерегі бойынша 47 қылмыстық іс қозғалған. Бұл соңғы бес жылдағы рекорд көрсеткіш болып саналады.

Мамандар жыл басынан бері 360 миллиард теңге көлеміндегі бюджеттік және квазимемлекеттік қаражатты жымқыру белгілері бар 200-ден аста схеманы анықтаған.

Сондай-ақ, комитет мұнай мен мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымын болдырмау үшін Barrel жедел-профилактикалық шарасын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 5 облыстағы заң бұзу деректері зерттеліп жатыр.  Деректерге сәйкес, 140 мың тонна жанар-жағармай ұрланған. Келген шығын 25,1 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

«Stop-Game жедел-профилактикалық шара аясында 206 заңсыз ойын өткізілген орындар анықталды. Республика бойынша 7 жасырын казино, 30 букмекерлік кеңсе анықталып, олардың жұмысы тоқтатылды. 2660 ойын автоматы, терминалдар мен покер үстелдері тәркіленді.

Заңсыз алкоголь өнімдерін шығаратын 25 жасырын цех анықталды. 620 мыңнан аса спирт бөтелкесі, 140 мың литр спирт тәркіленді», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жалған ақша жасау бойынша 185 қылмыстың жолы кесілді, 2 мыңнан аса банкнот тәркіленді.

Сонымен қатар, Алматы мен Қостанайда жалған ақша шығаратын екі жасырын баспахана анықталды.