Субсидия демеу ме, тежеу ме?

1097

Бүгінде елімізде 278 мың фермер бар екен. 19 жарым миллион халықты асырап отырған да солар. Биыл осы фермерлердің жағдайы мәз емес. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, пандемия кібіртіктеткен эконо­ми­каға қуаңшылық қосылды. Оның үстіне, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығына бөлінген 2 трлн субсидияның талан-таражға түскені белгілі болып отыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттік демеуқаржыны берудегі қитұрқылықтар шаруаларды аяқтан шалып келген.

Көмек тегін, қызмет ақылы

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5 523,9 млрд тең­гені құраған екен. Бұл өткен жыл­ғы осы кезеңмен салыстыр­ғанда 1,4%-ға жоғары. Мұндай статистиканы «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары келтіріп отыр.
«Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) ішінде ауыл шаруашылығы үле­сінің артуы ұлттық валютаның девальвациясына, инфляцияға және дәнді-майлы дақылдардың әлемдік қолайлы бағасына бай­ланысты. Соңғы фактордың әсері қысқамерзімді болуы мүм­кін. Өйткені таяу жылдарда Ре­сей мен Украинада және дәстүрлі экспорттық нарықта әлеуетті бәсекелес болып саналатын бас­қа да елдерде дәнді және майлы дақылдар өндірісі өсіп, экспорт бағасы төмендейді деп болжа­нып отыр. Сондықтан да қалып­тасып отырған ахуалға қарамас­тан субсидиялау саясатын ақ­сатып алмауымыз керек», – дейді «Ата­мекен» ҰКП Ауыл шаруа­шылығы және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Бүгінде елімізде субси­дия­лаудың 10 ережесі әрекет етеді екен. Онда 54 бағыт қарастырыл­ған. Соңғы 3 жылда субсидиялау­ға 1 039,1 млрд теңге бөлінген болса, 2019 жылы – 324,1 млрд, 2020 жылы – 366,2 млрд, 2021 жы­лы 373,8 млрд теңге жұмса­лыпты. Алайда шаруалар бұл субсидияны толық ала алмай әуре болып жүр.

«Елімізде жыл сайын субси­дия бөлінеді. Осының бәрі кім­нің қолына тиеді? Көбіне ұйым­дасқан, іргелі, ірі шаруашылық­тардың қолына тиеді. Майда шаруалардың 90 пайызының субсидияға қолы жетпей келеді. Біздегі негізгі мәселе осында. Екінші мәселе – субсидия беруде Qoldau деген бағдарлама бар, біз соңғы екі жылда осы порталмен айтысып-тартысып келеміз. Өйткені субсидия алу үшін шаруалар ақша төлеуі керек. Мұны Үкімет басшысы да біледі. Оған хат та жазылды. Былтыр маусымда ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік қызмет тегін болу керегін ескерткен де болатын. Бірақ бәрі керісінше болып отыр. Мәселен, бұрын фер­мерлер екі АЕК төлейтін болса, былтырдан бастап оны 31 жарым мың теңгеге көбейтіп тастады. Ал енді есептеңіз, 278 мың фер­мер портал арқылы субсидия алсын дейік, соны 31 500 теңгеге көбейтіңіз? Бұл не деген сұм­дық?! Сонда мал бақпай, тер төкпей, бір пернені басып қана сонша қаражат табу деген нон­сенс қой», – дейді «Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық ны­санындағы бірлестіктің бас­қар­ма төрағасы Жигули Дайрабаев.

Беру де, қайтару да қитұрқылықтан

Субсидия мәселесі, таяуда астанада өткен І шаруалар құрылтайында да сөз болды. Шаруалардың айтуынша, мұн­дағы проблема – су тегін берілуі тиіс мемлекеттік көмекті қолына билік тиген шенеуніктердің өздеріне ыңғайлап құрған схема бойынша бөлуі. Соның кесірінен субсидия беру тетігі күрделеніп кеткен. Мәселен, шымкенттік шаруалар есептік нөмір алудан қиналып отыр.

«Біздің Жетісай, Мақтаарал аудандарында жайылымдық жер атымен жоқ. Соған қарамастан біздің шаруалар 10 мың басқа дейін малды Шардара орман шаруашылығының аумағында ұстап отыр. Ол жер жалға бе­ріледі. Демек, меншігіміздегі жер болмағандықтан, капиталды құрылыс салуға, құдық қазуға бол­майды. Тіпті, ондай құры­лысқа мұқтаждық та жоқ. Өйт­кені климат жылы болғандықтан, біз малды қыста бір ай ғана ағаштан жасалған уақытша қорада ұстаймыз. Оның үстіне, қолымызда мемлекеттік акт жоқ, сондықтан да біз оған есептік нөмір ала алмаймыз. Ал субсидия алу үшін есептік нөмір болу керек және ол ақпараттық базада тіркелуі керек. Осының кесірінен біз қаншама жылдан бері мемлекеттік көмектен қағылып келеміз. Мұны айтып ми­нистрге, сенаторларға, «Ата­мекен» палатасына хат жаздық. Вице-министрдің атынан «есеп­тік нөмір алмауға болады» деген жауап та келді. Бірақ оны об­лыстық басқарма басшысы елемей отыр», – дейді SHOPAN ATA ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының мүшесі Әліпбек Бақтыбаев.

Мемлекеттік субсидия бө­луде Маңғыстау да шет қалып отыр. Өйткені қағида жасалған кезде жергілікті ерекшеліктер ескерілмеген. Маңғыстауда асылтұқымды мал өсіру өте қиын. Жергілікті климатқа шы­дайтын Адай жылқысы асыл тұ­қым ретінде саналмайды, ал субсидия көп бөлінетін сиыр үшін шөлді түбекте шүйгін шөп өспейді. Сондықтан да құрыл­тайда бас қосқан шаруалар субсидия мал түріне емес, етке берілуі керек деген тұжырымды бірауыздан қолдап отыр. Бұл субсидияға қол жеткізе алмай отырғандардың жанайқайы болса, мемлекеттен көмек алып, шенеуніктердің қателігінен оны кейін қайтару әлегіне қалып отырған шаруалар да аз емес. Мұның барлығы суб­сидия бе­рудегі қитұрқы­лықтар­мен байланысты. Мәселен, қыр­күйек айында Алматы облы­сындағы 15 фермерге Ауыл шаруашылығы басқармасынан 10 күннің ішінде алған субсидия­ларын қайтару туралы хат келген. Олар 2018-2019 жылдары бас-аяғы 2,8 млрд теңге демеу­қар­жы алған. Қарағанды облы­сын­­да да осындай жағдай. Асыл­тұқымды бұқалар үшін мемле­кеттен көмек алған олар онысын неліктен ешқандай негізсіз қай­таруы керек екеніне наразы. Мұндай деректер елімізде ондап саналады. Жемқорлық пен қитұр­қылық әрекеттердің ке­сірі­нен қарапайым шаруаның еңбегі еш, тұзы сор болғалы тұр.

Қазаннан қақпақ, иттен ұят кеткен…

Расында да, соңғы 5 жылда елімізде ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия қадағалаусыз қалған. Мақсатты жұмсалуы бақыланбаған. Мал және егін шаруашылығына, суармалы жер, жайылымға бөлінген қара­жат діттеген жеріне жетпей, ше­неуніктердің қалтасында қа­лып отырған. Жымқыру схемасы жылдан-жылға бірдей болып келіпті. Соның бір тәсілі – ақпа­раттық жүйелердегі ақауды пайдалану.

«Түркістан облысында бір шаруа қожалығының өзінде үлкен сиырлардың жасын бұзау деп көрсеткен 400 дерек тіркеліп отыр. Яғни, субсидия алу үшін төлдің санын өтірік өсіріп көр­сеткен. Сондықтан да мұндағы жымқыруға сеп болған фактор­дың бірі – ақпараттық жүйелер­дегі ақау. Бұл схемаға Ауыл ша­руашылығы министрлігіне ба­ғынышты ведомство – Ұлттық аг­рарлық-ғылыми орталық қа­тысқан. Оның қызметкерлері ақ­параттық жүйе қолында тұрған­дықтан, мәліметтердің бар­лығын өтірік енгізіп отырып­ты. Бұл осында анықталған жең ұшынан жалғасқан жемқор­лықтың бір парасы ғана. Тіпті, фермерлердің атынан электрон­ды цифрлық қолтаңба жасап, базадағы ақпараттарды бұрма­лаған деректер де бар», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.

Тіпті, тергеу барысында Қа­зақстан шекарасынан Өзбек­станға заңсыз мал тасымақ бол­ған қылмыстық топ құрық­талыпты. Ол мал субсидияға өсі­рілген төлдер екен. Бүгінде агенттік 65 қылмыстық іс тір­кеген. 18 адам күдікті деп таны­лып, оның 14-і қамалған. Жүз­деген адам «қорғалуға құқы бар куәгер» статусымен қорғауға алынған. Тергеу біткен соң Үкі­метке кінәлі тұлғаларды жауап­кершілікке тарту туралы ұсыныс берілмек. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі анықталған жүйелі проблема­ларды кешенді түрде жою бо­йын­ша нақты шаралар көрсетіл­ген 170-ке жуық ұсыным жасап шығарыпты. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл ұсынымдарды жүзеге асыру жоспары дайындалып жатыр.

Нұрлан ҚОСАЙ