Жошы ұлысы — протоқазақ мемлекеті!

848

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевқа

Ашық хат!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Жошы хан (1187-1227) – Шыңғыс ханның үлкен ұлы, ержүрек қолбасшысы, кең байтақ қазақ даласында құрылған жаңа мемлекет – Жошы ұлысының негізін қалаушы екенін Өзіңіз де жақсы білесіз.

Жошы ұлысы протоқазақ мемлекеті. Сол дәуірде де Дешті Қыпшақ аймағын, яғни қазіргі қазақ жерін мекен еткен қазіргі қазақ халқының құрамындағы рулар мен тайпалар, яғни, біздің ата-бабаларымыз болатын. Қазақстанның қазіргі халқы аспаннан түскен жоқ, сол дәуірлерде өмір сүрген адамдардың ұрпақтары.

Жошы ханның ұрпақтары осы өздері иелік еткен ұланғайыр қазақ даласын ешкімге жалтақтамай, емін-еркін, жекедара биледі. Өз алдына тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалып, негізін салды. Жошының дербес мемлекет құру идеясын оның ұлдары мен немерелері өте сәтті жалғастырды. Берке ханнан бастап Жошы ұлысы мүлде тәуелсіз мемлекетке айналды. Қазақ ұлт болып ұйыса бастады. Соның алғашқы шарттары жасалды. Ал біз әлі күнге дейін ғылыми еңбектерде «моңғолдар», «моңғол әскері» деп жазып келеміз. Жошының ұрпақтары мен ұлысындағы халықты «моңғол» деп, әскерін «моңғол әскері» деп жазуға болмайды. Өйткені олар қазақ болып, қазаққа сіңіп кетті. Мысалы, Шыңғыс хан Қытайды басып алып, қалауынша билеп-төстеді. Сонда Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билік жүргізді екен деп, Қытайды «моңғол елі», «моңғолдар» деуге бола ма?! Соңында олардың ұрпақтарының өзі қытайға сіңіп, қытайланып кетті. Кім билесе де мемлекетті тұрғылықты, жергілікті халықтың атымен атау керек. Мәселен, әріге бармай-ақ беріден қайырсақ, Кеңес одағы кезінде Қазақстанды кім барқармады?! Кім басқарса да, тұрғылықты халық, яғни мемлекеттің иесі қазақ болғандықтан Қазақстан болып қала берді. Болашақта да солай! Сондықтан, Жошы ұлысына да осы тұрғыдан қарау керек. Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билеген дәуірлердегі ҚАЗАҚ ҰЛЫСЫ, ҚАЗАҚ ЕЛІ, ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атауымыз керек. Жошы құрған мемлекет – бүгінгі Қазақстан. Ендеше Жошы ұлысын «Қазақ мемлекеті», «Қазақ хандығы» деп атасақ, еш қателеспейміз. Бұл шындықтан қашсақ та құтыла алмаймыз.

Келер жылы Жошы ханның таққа отырғанына 800 жыл толады. Бұны Жошы ханның таққа отыруының 800 жылдығы емес, қазақ хандығының 800 жылдығы ретінде дүркіретіп атап өткен ләзім. Қазақ хандығының тарихы Керей мен Жәнібектен емес, Жошыдан басталады. Жошы – Керей мен Жәнібектің ғана емес, жалпы қазақ хандарының түп атасы. Сондықтан да қазақ хандығының 800 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту, лайықты дәреже-дәргейде тойлау бүгінгі күні өте маңызды әрі абыройлы іс.

Құметпен,

Думан Рамазан,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Abai.kz