ОҚМУ-ға кел жас талапкер!

942
75 жылдан астам тарихы бар, білім және зерттеу инфрақұрылымы дамыған, ғылыми мектептері қалыптасқан, жоғары технологиялар саласында күрделі мәселелерді шешуге қабілетті кадрлық әлеуетке ие Шымқаламыздағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті көпсалалы ірі университет болып табылады. Университет бүкіл Қазақстанның кәсіпорындары мен ұйымдары үшін мамандар дайындайды. Шымкент қаласы еліміздегі демографиялық өсім бойынша көшбасшы болып табылады, мұнда тұрғындардың жартысын 35 жасқа дейінгі жастарды құрайды. Болашақта өңір Қазақстанның заманауи урбанистік орталығы ретінде дамитын болады, отандық және шетелдік инвестициялар үшін тартымды болады, соған байланысты білім, ғылым және әлеуметтік сала дамитын болады.
Дәл осы шырайлы Шымшаһардағы қара шаңырақ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Дария Қожамжарова басқарып отыр. Университетіміздің 75 жылдық мерейтойына орай «Мұхтартану» ғылыми орталығы құрылып, қазіргі таңда ғылымда мол табыстарға жетуде.
Ал жоғары оқу орнымыздағы маңдайалды факультеттердің бірі – Филология. Филология ғылымының докторы, профессор Б.М.Тілеубердиев басқаратын филология факультетінде ғылыми потенциялы жоғары кадрлармен жасақталған «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы жұмыс жасайды. Кафедрада 18 оқытушы жұмыс істейді, олардың 1 филология ғылымдарының докторы, профессор, 6 филология ғылымдарының кандидаты, 5 аға оқытушы, 1 оқытушы және 2 магистр. Олардың арасында 2012 жылы профессор Б.М. Тілеубердиев, 2013 жылы Н.Қ. Омаров «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы». Профессор Б.М. Тілеубердиев – ОҚО ономастика комиссиясының мүшесі.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы бакалавр, магистратура және PhD докторантура бағдарламасы бойынша сапалы кадрлар даярлап келеді. Осы үш жүйемен білім алушыларымызға әлемнің әр түрлі мемлекеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келуге зор мүмкіндіктер жасалған. Хакім Абай атамыздың:
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз, —
дегені секілді жас буынның талабын ұштап, білімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналған университетімізге білім алуға шақырамын. ОҚМУ-ға кел, жас талапкер!
Нұрлыбек Омаров,
ф.ғ.к., доцент, М.Әуезов атындағы ОҚМУ
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі